USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Астана ең таза қала тізіміне кірмей қалды

Күнделікті күйбең тіршіліктен қол босаған уақытта таза ауамен тыныстап, саябақта серуендегенге не жетсін. Әсіресе, бір аптаның кем дегенде бес күнін жұмыста өткізетін қала тұрғындары үшін серуеннің маңызы зор. Алайда, көп жағдайда адамдардың қала көшелері мен демалыс орындарындағы тазалыққа көңілі толмай жатады. Өндіріс ошақтарынан ауаға тарайтын зиянды заттар тағы бар. Жақында OLX сервисі жүргізген зерттеу нәтижесінде Қазақстанның ең таза және ең лас қалалары анықталды, деп хабарлайды Baq.kz.

«Мінсіз қала» жобасы аясында қазақстандықтар арасында ең таза қаланы анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Тұрғындар қаладағы тазалыққа 1-ден 7-ге дейінгі шкала бойынша баға берген. Зерттеуде көшелердегі тазалық пен тәртіп, ауаның тазалығы және коммуналдық қызметтердің назарға алынды. Бұл жолғы зерттеудің өзгелерден бір айырмашылығы – рейтингте сарапшылардың емес, қала тұрғындарының пікірі ескерілген.

Сауалнамаға сәйкес, еліміздің ең ірі 20 шаһарының ішінде Қостанай ең таза қала атанды. Жалпы рейтингте ол 21 балдың 13,8-ін жинаған. Әсіресе, қостанайлықтардың ауаның тазалығына көңілі толады екен. Коммуналдық қызметтердің жұмысын 3,7 балға бағалаған. Тазалық жағынан екінші орын елдің батысында орын тепкен Орал қаласына бұйырды. Жалпы ұпай – 13,7. Үздік үштік қатарын 13,6 балдық көрсеткішпен Талдықорған тұйықтаған.

Бір қызығы, еліміздің бас қаласы – Астана үздік бестікке де кіре алмады. Елордамыз Көкшетаумен бірге алтыншы орынды бөліскен. Қос қаланың қоржынында 13,1 балдан бар. 13, 5 және 13,3 балмен Шымкент пен Петропавл бұлардың алдын ораған. Ең таза 10 қаланың ішіне Тараз (12,6), Ақтау (11,9), Павлодар (11,7) және Рудный (11,6 балл) кірген.

Тазалықтың жалпы рейтингінде ең төмен балл жинаған қалалар қатарында Семей (9,5) мен Теміртау (7,5) бар. Қарағанды мен Өскемен де (екеуінде де –9,6 балдан) өзгелермен салыстырғанда, едәуір лас болып шықты.

Ал ел арасында Қазақстанның оңтүстік астанасы атанып кеткен Алматы үздік ондыққа ене алмады.

Ұқсас сілтемелер:
08 Желтоқсан 2016, 15:45
Қыс кезіндегі жалынды танго
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады