АШМ Ақтөбе облысындағы бруцеллез індеті туралы мәлімдеме жасады - Қоғам|13 Ақпан 2018, 20:57
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

АШМ Ақтөбе облысындағы бруцеллез індеті туралы мәлімдеме жасады

Бүгінде Ойыл ауданында екі бруцеллез ошағы сақталып отыр. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайдың бақылауда екенін айтады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бруцеллезді тексеру өзекті мәселе емес

Алдымен бруцеллез қандай ауру, соған тоқталайық.

«Бруцеллез індеті мал арасында ежелден келе жатқан созылмалы індет. Бұл дертке жүргізілетін диагностикалық тексеру өзекті мәселе емес. Лабораториялық зерттеу жүргізуге барлық мүмкіндіктер бар. Бруцеллезге қарсы ережеге сәйкес бруцеллезге шалдыққан мал, ірі қара санитарлық союға жіберіледі. Барлық ауданда мал сою және санитарлық сою кәсіпорындарымен меморандум жасалған. Бруцеллезге тән клиникалық белгілер болмаса ет он екі сағаттық өңдеуге жіберіледі», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринарлық бақылау комитеті басшысының орынбасары Тұрсын Қабылданов.

Бұл ауруды анықтауда елімізде проблема жоқ

«Бруцеллез – созылмалы ауру. Диагностикалық тексеру мен індет ошағын сауықтыруда проблема жоқ. Диагностика классикалық әдіспен жүргізіледі. Біздің лабораториялар керекті жабдықтармен жабдықталған», - деді ол.

559 бұйрықта көрсетілген қағидаға сәйкес малдың қандай жағдайда санитарлық союдан өтетіні, мал иесіне құнын төлеу туралы меморандумда көрсетіледі.

«Әр 15 күн сайын мал басы түгел тексеріледі. Оң нәтиже берген мал иесіне нұсқама беріледі. Онда «сіздің малыңызды, көктемде тексергенде оң нәтиже берді, сіз 15 күннің ішінде санитарлық союға өткізуіңіз керек» деп жазылады. Ауданда құрылған комиссия сол кезеңдегі мал бағасын анықтайды. Мал иесіне берілетін ақшаның 30%-ын жергілікті әкімдік, 70%-ын санитарлық сою мекемесі төлейді», - деді Тұрсын Қабылданов.

Ақтөбе облысында жағдай қалай?

Тұрсын Қабылдановтың айтуынша, 2017 жылы Ақтөбе облысында 14 бруцеллез ошағы тіркелген. Бүгінде Ойыл ауданында екі бруцеллез ошағы сақталып отыр. 15 күннен соң қайталап тексергенде оң нәтиже берген бір бас мал санитарлық союға жіберілген.

«Ойыл ауданында екі ошақ тіркелді. 15 күн сайын тексергенде 395 сынама алынып, оң нәтиже берген бір бас санитарлық союға жіберілді. Ошақтарда тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Қан алынған жерде дезинфекцияланады. Әр 15 күн сайын ол жердегі малдың бәрі тексеріледі, сауықтырғанға дейін мал ешқандай қозғалыста болмайды, ешқайда шығарылмайды», - деді ол.

Былтыр Ақтөбе облысында 515 мыңдай қан сынамасы алынып, бруцеллез бар-жоғын тексергенде 0,7%-ы оң нәтиже көрсеткен.

«Бұл дегеніміз 2000-нан астам мал брюцеллезге оң нәтиже берген. Барлығы санитарлық союға жіберілді. Бұл ауруды тексеруде арнайы тест жүйесі бар. Қан бір рет қана қолданылатын шприцпен алынады. Барлық сынама тексеріледі. Тест жүйе нақты, бруцеллезді анықтап шығады. Егер 500 мың сынаманың ішінде 30-40 бас оң нәтиже берсе ол брюцеллез бар деген сөз», - деді Тұрсын Қабылданов.

«Бруцеллез жойылмайды, дүрлігетін оқиға емес»

Министрлік өкілінің айтуынша бруцеллезді түбірімен жою мүмкін емес, тексеру жұмыстары жалғаса береді.

«Республика көлеміндегі малдың бәрі бруцеллезге қарсы тексеріледі. Оның арасында оң нәтиже беру фактілері қалыпты, күнделікті жағдайда кездесіп отыратын мәселе. Барлық елде солай, бұл індет көршілес елдерде де бар», - деді Тұрсын Қабылданов.

Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқамановтың айтуынша бұл дүрлігетін оқиға емес.

«Ақтөбеде бруцеллез ауруы пайда болды деген дүрлігетін оқиға емес. Ауылда өскен балалар бруцеллез деген Кеңес үкіметінен бері келе жатқан ауру екенін біледі. Қостанайдан, Ақтөбеден табылды деген әдеттен тыс жағдай емес. Қазақстанда бұл індеттің келе жатқанына қаншама жыл болды. Бруцеллезбен мал ауыра береді», - деді Сәкен Қалқаманов.

Ауруға қарсы вакцина болса да, санитарлық сою нәтиже береді

Қазақстанда мемлекет есебінен бруцеллезге қарсы вакцина егу шарасы жоқ.

«Стратегия бойынша 2007 жылы жаппай егуді тоқтаттық. Біз таза фонда малды тексеріп, оң нәтиже бергендерді санитарлық сою арқылы нәтижеге жеттік. Өйткені бүкіл малды егуге шығын шығарғаннан гөрі оны дер кезінде тексеріп, оң нәтиже көрсеткендерді санитарлық союға өткізу әжептәуір нәтиже береді», - деді Тұрсын Қабылданов.

Дегенмен мал иесі өз қалтасынан бруцеллезге қарсы вакцина еге алады.

«Бұл жазылмайтын ауру, біздің елімізде ғана емес әлемде солай. Бруцеллез емге көнбейтін ауру, емделмейді. Ауруға қарсы вакциналар бар, бірақ кез келген вакцинадан 100 пайыздық нәтиже болмайды. Мал иесі егер малына бруцеллезге қарсы дәрі егем десе вакцина таңдау құқығына ие. ҚР-да мұндай 4-5 түрлі вакцина тіркелген», - деді ол.

Қостанай облысында жағдай қалай?

«Қостанай облысында өткен жылы 1,8%, биылғы жылы 1,6%-дың маңайында, бұдан брюцеллезге оң нәтиже берген мал саны азайғанын байқаймыз. Жалпы республика көлемінде жыл сайын 36-37 мың ірі қара оң нәтиже берсе, 2017 жылы 31 мың болды. Адамдардың бруцеллезбен ауыруы да азайды. Бұрын 1300-дей адам ауырса, соңғы жылдары 629 адам ауырған», - деді Ветеринарлық бақылау комитеті басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, Қостанайда тексеру енді ғана басталды. Былтырғы жылы тексерістер бойынша шаралар қаралған. Бруцеллезді тексеру көктемде және күзде жүргізіледі.

Бруцеллезге қарсы «карантин» жоқ, шектеу бар

Брифинг барысында министрлік өкілі бруцеллезге қарсы карантиннің болмайтынын, оның орнына сауықтыру іс-шараларына дейін шектеу барын айтты.

«Карантин жоқ. Бруцеллезде сауықтыру іс-шараларына дейін шектеулер бар. Екі мәрте теріс нәтиже болғанда ғана сауықтыру шаралары аяқталады. Біз әр 15-20 күнде ауылдағы малды зерттеп, екі рет теріс нәтиже алсақ шешім қабылдап, шектеуді алып тастаймыз», - деді ол.

Брюцеллезді тексеруге қаражат жеткілікті

«Елімізде 7 млн мал бар. Оның ішіндегі саулық малды екі рет, бұқаны тоқсан сайын (4 рет) тексеруге қаражат жетеді. Үш айдан асқан бұзауларды тексеруге қаражат бар. Республика көлемінде қаралған қаржының 80 пайызы осы ауруға бөлінеді. Барлық малды, ірі қараны да, қойды да, шошқаны да, жылқы, итті де тексеріп шығамыз», - деді ол.

Бұл ауру жыл сайын қайталанады. Қазақстанда 7 миллион бас мал бар болса, оны екі рет тексергенде жылына 37 мың бас оң нәтиже береді екен.

«Тексеріс және сауықтыру шаралары республикалық бюджет есебінен жүреді. Малдың иесі өз есебінен вакцина егеді. Бруцеллез ғана басқа да ауруларды анықтау үшін көктемде барлық мал жалпы тексерістен өтеді», - деді Тұрсын Қабылданов.

Оның айтуынша, жыл сайын бюджеттен 12 млрд теңге толық диагностикаға бөлінеді, бұл дегеніміз 20 түрлі зерттеу, ауруды анықтау және т.с.с.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер