BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.86 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Алтыншы құрылтайдан не күтеміз?

Бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алтыншы құрылтайы өтуде. Қазақстан бастамасымен өмірге келген дәстүрлі діндер диалогын үш жылда бір рет ұйымдастыру дәстүрге айналғаны белгілі. Алғашқы құрылтай өткелі де арада он бес жыл сырғыпты. Діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен төзімділікке шақыруды көздеген сұхбат алаңынан не күтеміз? Бұл жиынның біз үшін маңызы неде?

Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлының пікірінше, терроризм күшінің қуаттылығы соншалық, әскери және дипломатиялық арналарды белсенді жұмылдырғанның өзінде терроризм мәселесін қысқа мерзім ішінде шешу мүмкін емес. Сондықтан да діндер өкілдерінің диалогы қажет.

«Діннің атына телініп отырған қайшылықтар мен қасіреттер заманында дәстүрлі діндер өкілдерінің және олардың жетекшілерінің пікірлерінің бір арнаға тоғысуы, олардың арасында өзара түсіністіктің орнауы, байсалдылық ұстанымдарының басымдық танытуы, тіпті ортақ мәселелерді белгілі бір мәмілеге келе отырып талқылау, мүмкін болса, ортақ шешімдер қабылдау өркениет тарихында, қазіргі адамзат қоғамының бейбітшілігі мен игілігі үшін ауадай қажет шара», – дейді ол.

Оның пікірінше, осынау жиында сөз алатын дін лидерлерінің әлемдік саясатқа ықпалы да жоқ емес. Көптеген мемлекеттің билік орындары өздері үшін дәстүрлі болып саналатын дін басшысымен түсіністікте жұмыс істейді. Тіпті ресми басымдығы мойындалған, сол елдің ішкі заңнамаларында арнайы орын берілген діндер мен конфессиялар бар. Сондықтан дін лидерлерінің тек сол діннің ішкі мәселесінде ғана емес, сол елдің саясатында да белгілі бір деңгейде орны бар.

«Астанада өткен VII Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығы мұсылман үмбеті үшін ауыр сынақтармен басталды. Әлемдік қаржы дағдарысы, азық-түлік импортына тәуел­ді­лік, жастар мәселесі және басқа да түйт­кілді жайттар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды. Тунис пен Мысырдағы саяси режимнің ауысуы, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауал жүздеген мың босқынның пайда болуына әкеліп соқтырды. Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман ел­дерінің көштің соңында қалуы анық бай­қалды. Бір жарым миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр», – деген болатын.

Демек, дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы дін лидерлерінің тіл табысуы ғана емес, мұсылман елдерінің де ортақ мәселелерін шешуге бағытталған шара», – дейді дінтанушы.

Оның айтуынша, жоғарыдағы себептерге байланысты біздің еліміз, әлемдік дін басшыларының құрылтайы өткізілетін мекенге айналуы заңды. Жай ғана барлық дін өкілдері емес, әлемнің жетекші теологтары бас қосатын дәл осындай екінші жер ғаламшардың өзге жерінде жоқ.

2003 жылдың қыркүйегінде әлемдегі барлық дәстүрлі діндердің басшылары алғаш рет біздің елімізде бір үстелдің басына жиналып, «Әлемдік және дәстүрлі діндердің І съезіне қатысушылардың декларациясын» қабылдаған болатын. Сол құжатта «Зорлық-зомбылыққа, соның ішінде дінді саяси мақсатта пайдалануға деген баршамыздың қарсылығымыз бір арнада тоғысады» деген сөйлем бар. Яғни, дін көшбасшылары дінді саясат құралына айналдыруға, адамзатқа жасалып жатқан зорлық-зомбылыққа басы бүтін қарсы. Әрине, мұндай диалог алаңынан бірден нәтиже күтуге де болмас. Бірақ оның бір пайдасы тиер уақыт келеді. Бастысы, әлемде дін атын жамылып, зорлық-зомбылыққа барушыларға қарсы қоғамдық пікірдің қалыптасуына айтарлықтай ықпалы болары даусыз.

Дін тақырыбына қалам тербеп жүрген Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Досым Зікірия адамзат технология саласында қаншалықты ілгерілеген сайын рухани тұрғыдан соншалық кейін кетіп бара жатқанына алаңдаулы. Әйтпегенде, адамзаттық құндылық тұрғысынан қарасаңыз да, Жаратқанның қалауына құлақ ассаңыз да адам баласы бір-біріне дос, бауыр болуға тиіс қой дейді.

«Бүгінгі таңда адамзат қоғамы екінші бір қоғамды ыдыратқысы келсе, оның ғасырлар бойғы құндылықтарына селкеу түсіріп, соны шайқалтқысы келеді. Өкінішке қарай, оның төте жолы сенімін шайқалту болып барады. Құранда болсын, басқа да Жаратқан тарапынан түсірілген киелі кітаптарда болсын, ең әуелі айтары – бірлік. Сол бір қасиетті ұғымның бүгінде қайшыласқан әлемдік мүдделер кезінде көк тиындық құны қалмады. Адамзатты бірлікке үндеуші негізгі құрал дін болса, ол да құдайдан қорықпайтын пенделердің озбырлығынан ойыншыққа айналды. Бұл әлемдік індет. Астанада өтетін айтулы шара мұндай індетке тосқауыл қоя ала ма? Әлемдік алпауыттардың мүдделеріндегі қайшылықтар тынбай діннің ойыншық болғаны болған. Дегенмен тоңды жібітіп, қатқан сеңді қозғалтуға мұның бір септігі тиер-ау деген үміт жоқ емес. Қалай дегенмен де, Қазақстан өзінің тыныштықты, бейбітшілікті қолдайтын ел екенін жүмле ғаламға тағы бір танытатын шара болғалы тұр.

Сонымен қатар дінаралық және ұлтаралық татулық түрлі империялар мүддесі тоғысқан Қазақстан және Орталық Азия елдері үшін ең маңызды құндылық. Әлемде қазір діни терроризм қаупі өршіп тұрғандықтан, әлемдік рухани көсемдер бас қосатын маңызды шаралар керек деп санаймын

Қазақ елінің қарапайым азаматы ретінде маған балаларымның болашақта қамсыз өмір сүргені өте маңызды», – дейді Досым Қуатұлы.

Алпауыт мемлекеттер сан-саққа бөлініп, өздерінің геосаяси мүдделері мен аймақтық, ғаламдық, экономикалық, әскери басымдақтарын сақтап қалу үшін барынша күресіп, қажет болған жағдайда, әртүрлі экономикалық, рухани, әскери шаралар қолданып жатқан қазіргі алмағайып кезеңде еліміздің рухани тыныштығы бітімгерлік, дәнекерлік жасау, ортақ құндылықтарды жаңғырту талпыныстарымен нығая түспек. Себебі, осы жолы құрылтай атауы көрсетіп тұрғандай «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлем жолында» деген ұран тасталып отыр.

«Бұл кейбіреулердің айтып жүргеніндей, оларға қолдау көрсету арқылы мүдделерді тоғыстыру өзіміздің дәстүрлі, діни-рухани құндылықтарымыздан бас тарту, өзгелердің құндылығына ұмтылу болып саналмайды. Сондықтан бұл шарадан тек қайшылықтар мен жұмсалынған шығын көлемін емес, ұлттық, мемлекеттік, адамзаттық мүдделерді көре білу керек. Өйткені, мемлекеттің мүддесі, оның жекелеген азаматтарының мүддесінен әрқашанда жоғары тұрады.

Бірге адамзаттық құндылықтарды сенім құндылықтарымен сабақтастыра білу, қазіргі кездегі және болашақтағы дінаралық, өркениетаралық қақтығыстардың алдын алу үшін, мұның еліміз үшін өзектілігі өте жоғары, елімізді құндылықтар тоғысатын мекенге айналдыру өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету әрі әлемдегі адамдардың бейбіт өмір сүруіне қол ұшын беру деп түсінген дұрыс», – дейді Кеңшілік Тышқанұлы.

Оның ойынша, қазіргі күннің ең басты мәселесі – діннің саяси мүдделерге қолданылуы болып отырғандықтан, дін көшбасшылары бұл үрдісті тоқтатып, діннің құндылық, моральдық-этикалық басымдығын қалпына келтіруге атсалысуы тиіс.

Есте болса, осыдан үш жыл бұрын өткен Бесінші құрылтайда Қазақстан басшысы Бейбітшілік және келісім музейін ашу туралы ұсыныс жасаған болатын.

«Мен Астанадағы осы ғимаратта Бейбітшілік пен келісім музейін құруды ұсынамын. Менің идеямның мәні осы Бейбітшілік және келісім сарайының ішінде барлық бітімгердің Құдайға сыйынатын, зиярат ететін орындары болса деген ойда жатыр. Бір қақпадан кіріп Құдайға тәубе етіп, бір қақпадан шығып бір-біріңізге сеніммен қарасаңыздар деп ойладым. Менің ойымша, бұл діндер мен халықтардың бейбітшілігі мен түсіністігін нығайту үшін маңызды болмақ. Сондай-ақ, бұл мұражай Съезд жанындағы ғылыми мекеме болып, діндер мен мәдениеттер диалогының тарихын зерттейтін болады», – деген еді Елбасы бесінші басқосудың қорытынды отырысында.

Содан кейін қолға алынған жұмыстар нәтижесінде музей жасақталды. Бұл музейде дәстүрлі діндер тарихынан сыр шертер шежірелермен танысуға болады. Алдағы алтыншы жиында аталған музейдің ресми ашылу салтанаты өтеді.

Сержан Оразбай, дінтанушы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер