BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Алматыда Түркі әлемінің зерттеулеріне арналған халықаралық симпозиум өтеді

Фото: newsroom.kz

11 қазан күні өтетін бұл шараға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Башқұртстаннан 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің өкілі Жандар Асанның айтуынша, Симпозиум түбі бір түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығаюын, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін көздейді.

«Симпозиумның басты мақсаты – әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау», – дейді Жандар Асан.

Жиында ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік т.б. мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласпақ.

Алқалы жиын «Жаһандық бәсекеге қабілетті филолог маман даярлаудың қазақстандық және әлемдік тәжірибесі», «Рухани жаңғыру: әдебиет арқылы ұлттық сананы кемелдендіру», «Жаһандық білім беру жүйесі: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңаша оқыту әдістемесі», «Латын графикасы: тарихы, теориясы және оқыту әдістемесі», «Түркі қауымы: тарихы мен мәдениеті», «Қазіргі замандағы білім беру үрдісінің ұлттық және халықаралық даму тенденциясы» және «Түркі тілдес мемлекеттердегі гендерлік білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша өткізілмек. Симпозиумның ресми тілі – түркі тілдері.

Жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстандағы Түркия Республикасының Бас Консулы Каган Илмаз, Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кармен, Баку Еуразия университетінің ректоры Назым Хюсейнл, шетелдік және отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысады.

Айта кетейік, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Баку Еуразия университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар, шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер