BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 356.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.42
Астана:

Алакөлге бардың ба?

Қазір еліміздің ішкі туризмін дамытуға көңіл бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осыған байланысты Baq.kz тілшісі шығыстың шырайын келтіріп тұрған Алакөл жағалауындағы «Алакөл» туристік базасының әкімші қызметкері Ербол Әлібаймен тілдесіп, демалыс орталығындағы қазіргі ахуал жөнінде сұрастырып білді.

Оның айтуынша, Елбасы туризмді дамыту жөнінде тапсырма бергелі Алакөлде көптеген құрылыстар басталып кеткен. Орталықтағы арбат абаттандырылып, адам танымастай өзгерген. Түрлі шоу-бағдарламалар, ойын-сауық шаралары да көптеп қолға алынған.

«Атракциондар, түрлі іс-шаралар жұмыс істей бастады. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Кәсіпкерлерді қаржыландыру жағы да жаман емес. Ел билігі туризмді дамыту жөнінде тапсырма бергелі келушілердің қатары анағұрлым өсті. Халықты тарту, инфрақұрылымды дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Үржарға дейін ұшақпен келіп, әрі қарай такси, не болмаса автобуспен жағажайға екі сағатта жетуге болады. Пойызбен Жалаңашкөл станциясына дейін келіп, одан бері 60 шақырым таксимен басып, көл жиегіне ілінесіз. Әрине, ескі жол болған соң кедір-бұдырды да басуға тура келеді», - дейді Ербол.

Сонымен қатар, ол елдің ішкі туризмі жан-жақты насихатталып, тыңғылықты атқарылған істердің арқасында биыл келушілер санының анағұрлым өскенін жеткізді.

«Бұрын бір маусымда 300-ге жуық адамды қабылдайтынбыз, биыл одан көп болады деп болжап отырмыз. Өйткені қазірдің өзінде демалыс орталығымызда орын жоқ, адам лық толы. Егер тамыздың онына дейін осылай болса, бұл жылдағыдан екі есеге дейін жоғары болады. Туристер көбінде 3 күннен бір аптаға дейінгі уақытқа келеді», - дейді Е. Әлібай.

Туристерді көптеп тарту үшін бұл демалыс орталығы да аянбай еңбек етіп жатыр. Айналасын абаттандырып, түрлі ағаштар отырғызған. Алдағы уақытта аулаға бассейн жасамақ ниетте, оны құрылыс жоспарына енгізіп қойыпты. Балалар ойнайтын алаңқай мен спорттық ойын алаңдарының құрылысы жүріп жатыр.

Халық, қызмет көрсету сапасы жоғары әрі тағамы дәмді орындарды іздейтіні белгілі. Осыны ескерген «Алакөл» демалыс орталығының басшылары аспазшыларды арнайы Алматыдан алдырып, ас мәзірін түгелдей жаңартыпты.

«Ресейдің Новосібір, Новокузнецк, Ульянов облысы, Барнауылдан келушілер қатары биыл өте көп. Бұл Алакөл туризмін дамытуды нақты қолға алғандығын білдіреді деп ойлаймын. Одан кейін туристерді тарту бойынша өз тарапымыздан да жарнамалар беріп тұрамыз. Мәселен өзіміздің Алакөлде туристік орталық ашылған, соған өтінім береміз, әрі қарай олар өзі жарнама таратады. Оның үстіне сайтымыз бар, көбі сол арқылы демалыс орталығымызбен алдын ала танысып, орынға тапсырыс беріп жатады. Одан кейін «ұзын құлақ» дейміз ғой, ол да жақсы көмектеседі. Жалпы қызмет көрсету сапасы қай жерде жақсы, сол жерді адамдар өздері-ақ іздеп тауып алады», - дейді ол.

Жиырмаға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған бұл демалыс орталығы бір мезетте 80 адамды қабылдап, қызмет көрсете алады.

«Біздегі вип орындар төрт адамға арналған, одан кейін 6-7 және 2 адамдық кемпингтер бар. Адам басына 7500 теңгеден басталады, оған 3 уақыт тағамы кіреді. Келушілерге барлық жағдай жасалған, салқындатқыш, жуынатын бөлме және дәретханамен қамтамасыз етілген. Отау-ТВ қосылған теледидар, тоңазытқыш сияқты қажетті заттың бәрі бар. Оның үстіне, біздің көлде пайдалы минерал көздері бар. Соның бірі – ақ батпақ, олар тері ауруына жақсы. Ал қара батпақ адамның буын ауруларына ем. Осы минерал көздері үшін адамдар мыңдаған шақырымдық жерден келеді және олар жылда тұрақты түрде келіп тұрады», - дейді Ербол.

Сонымен қатар, ол туристерді азапқа салып, бас ауруына айналған ескі жолдардың жөнделіп жатқандығын айтып өтті.

«Бұрын туристер бізге келер жолдың сапасына сын айтып, көңілдері толмайтындығын жеткізетін. Қазір барлық жерге асфальт жабындысы төселіп жатыр. Бұл туристердің шаршамай келіп-кетуіне үлкен себеп. Адамдар мұнда демалып, жақсы көңіл-күймен қайтқысы келеді. Егер жолда қиналатын болса, әдемі демалыстан еш естелік қалмайды деп ойлаймын. Сондықтан ендігі күшті жол жөндеуге жұмсап, соны тезірек ретке келтірсе жақсы болар еді», - дейді ол.

Жақында ғана Алакөлде демалып қайтқан саясаттанушы Ерлан Сайыров бұл демалыс аймағы туралы былай дейді:

«Қазақстанда ішкі туризмді дамыту өте өзекті. Елдің экономикалық дамуына тек мұнай немесе тағы басқа шикі заттарды ғана емес, елдің ішкі табиғи және рухани әлеуетін пайдалану керек. Туризмді дамытқанда үлкен бір рухани құндылық болу керек. Қазақстанның қай түкпірін алсаң да, өзіне тән ерекшелігі бар. Алакөлге келетін болсақ, біріншіден Шығыс Қазақстан рухани жағынан өте бай. Абай, Қозы-көрпеш Баян сұлу, Еңілік-Кебек, оның арғы жағында сақтар мен ғұндардың үлкен мәдениеті тұр. Алакөл еліміздегі су бассейіндерінің ішіндегі ең бірегейі. Өйткені ол ащы су, оның үстіне тарихта сонау Қытай, Араб деректерінде де көрсетілген.

Бүгінгі таңда Алакөлдің инфрақұрылымы дамып келе жатыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі оған жақсылап тұрып инвестиция салып жатыр. Туристерге көрсетілетін қызметтің түр-түрі жасалып жатыр. Мәселен, кешкі сауық орындары, адамдарды жоғары дәрежеде тамақтандыратын кафелер мен мейрамханалар бой көтерген. Ендігі мәселе Алакөлге туристердің жетуі. Ішкі инфрақұрылымды дамыту керек. Туристер барар жолға бола шаршамау керек. Қазір Астанадан Алакөлге дейін 1600 км, өкінішке орай жолдың көп бөлігі адамдарға қолайсыз. Сонымен қатар оған жету жолдардың бағытын да көбейткен дұрыс. Қарағанды, Қарқаралы жақтан жететін бағытты да дамыту керек. Қазақстан ішінде Алакөлге жан-жақтан оңай жететін жолдардың торабын жасау керек. Сол кезде адам қарасы молая түседі.

Дегенмен қазірдің өзінде онда барып демалатындардың қатары көбейген. Мәселен, арбаттағы кешкілік сауыққа барған адамдардың саны 20-30 мыңға дейін жетеді екен. Яғни, Алакөл күніне 25-30 мың адамды қабылдайды деген сөз. Енді бұны 95 күнге көбейтетін болсақ, бұл 1 млн адамнан асып кетуі мүмкін. Өйткені оған тек елімізден ғана емес, бұрынғы Кеңес одағының барлық елінен адамдар келеді. Алакөлде туристерді қабылдаудың инфрақұрылымы негізі бұрыннан жасалған. Ол дамып жатыр, соның сапасын жақсарту керек. Сонымен қатар, туристерді қабылдағанда сол жердегі экологияға ешқандай зиян келмейтіндей етіп жасау керек. Яғни, адамдарды қабылдаудың белгілі бір тепе-теңдігі болу керек. Егер адамдар шамадан тыс көп келсе, судың сапасы төмендеп кетеді».


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер