BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Ақтөбеде студенттер жатақханасы көбейді

Биыл Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырғаны белгілі. Осыған орайда елімізде жатақхана проблемасын шешу мақсатында біраз ілгерілеу байқалады. Бірақ бұл шаруа толық шешілуі үшін әлі көп жұмыс жасау керек. Алматыда студенттік жатақхана үшін бір жылдық төлем 30-135 мың теңге арасында. Ондай ақшаға да орын табылмай қиналып жүргендер көп. Ал аймақтарда студенттер жатақханамен қалай қамтылған? Бұл мәселеге жоғары оқу орындарының өкілдері не айтады? «Baq.kz» ақпараттық порталы еліміздің батыс өңіріндегі болашақ агломерациялық орталық Ақтөбе қаласындағы студенттердің әлеуметтік жағдайын сұрастырып көрді.

Ресми деректерге сүйенсек, қазір Ақтөбеде жоғары және арнаулы білім алып жатқан студенттер саны — 60 мыңға таяп қалды. Оның 30 мыңға жуығы қаладағы алты жоғары оқу орындарында оқиды. Қаладағы 44 колледжде 30 мың оқушы білім алуда. Арнаулы орта білім беретін оқу орындарында студенттік жатақхана салу күн тәртібінде, бұлардың 65 проценті ғана жатақханаға орналасқан. Қазіргі уақытта облыста студенттерді жатақханамен қамту мәселесі тікелей облыс әкімінің бақылауында тұр. Облыс басшысы әрбір жиын сайын жауапты тұлғаларға берілген тапсырмаларды пысықтап, осы бағыттағы жұмысты қарқынды жүргізуін қадағалап отыр.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті аймақтағы ЖОО арасында студенттік контингенті ең көп оқу орны. Студенттерді құжаттандыру бөлімінің бастығы Інжу Камиева берген мәліметке сәйкес: күндізгі бөлімде 8370, сырттай бөлімде 4209 студент оқиды. Сондай ақ, магистранттар мен докторанттар, университет жанындағы колледждің шәкірттерін қосқанда он үш мыңнан астам болашақ мамандар білім алып жүр. Бұрын оқу ордасында 500 және 650 орындық екі студенттер үйі болатын. 2017 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында университет ауласында 500 орындық тоғыз қабатты «Жастар үйі» пайдалануға берілді. 2018-2019 оқу жылынан бастап күрделі жөндеуден өткен №3 студенттер үйі 350 алғашқы тұрғындарын қабылдады.

-Қазір университетте өзге өңірлерден, шет елдерден келген студенттер өте көп. «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан 699 студент бар. Олар түгелге жуық жатақханада тұрады. Қазір жатақханада тұруға сұраныс берген студенттердің өтініштері толығымен қанағаттандырылды. Университет қарамағында барлығы 2000 студентке арналған төрт жатақхана бар. 2017 жылы Елбасының үндеуіне сәйкес «Жастар үйі» салынды. Үшеуі бұрыннан бар. Бұл үш жатақханада барлық жағдай жасалған. Ғимараттары ескі болғанымен, үшеуі де жөндеуден өткен. Студенттер жатақханада тұрғаны үшін әзірше жылына 31420 теңге төлейді. Жетім балалар тегін тұрады, - дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Төретайқызы.

Ақтөбе қаласында 1-2 бөлмелі пәтер жалдау құны ай сайын 50-200 мың теңге екенін ескеретін болсақ, мұндай қамқорлық студенттер үшін үлкен көмек.

АҚШ, Англия, Германия сияқты мемлекеттерде студенттік жатақханалар құрылысын кәсіпкерлер мен жеке компаниялар өз демеушілігімен салады екен. Мемлекет өз тарапынан салыққа жеңілдік жасайды. Мысалы, АҚШ-та жеке кәсіпкер мемлекеттен жер алып, жатақхана салады. Сосын құрылысқа жұмсаған шығынын студенттердің төлемақысы есебінен қайтарып алады. ҚР Президенті ұсынған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік ғимараттар салу туралы жобаның мәні де осы. Мемлекет те, кәсіпкер де, студенттер сияқты әлеуметтік топтар да мәз, бәрінің ұпайы түгел болады. Алдағы уақытта жоғары және арнаулы оқу орындары үшін салынатын жатақханалар құрылысы осы бағытта жүзеге аспақ.

Жатақхана - студенттің өз үйі. Студент болған соң жатақханаға жатып, студенттік шақтың қызығы мен қуанышын көргісі келеді. Жатақхана өмірі күнде қайнаған тіршілік. Күнделікті сабағына да бірге дайындалып, танысып-білісетін рухани-мәдени орта. «Жастар үйі» тұрғындарының жағдайымен танысуға арнайы бардық. «Smart Home» үлгісінде жасалған жатақхана қонақ үйден кем емес. Су жаңа лифт жұмыс істеп тұр. 70 адамдық оқырмандар залы, мәдени шараларға арналған кең бөлме, буфет сутуденттер игілігіне берілген. Әр секцияда екі және үш адамдық бөлмелер, сондай-ақ дәретхана мен душ кабиналары бар. Асхана бөлмелері көп, ешқандай кезек жоқ.Тұрмыстық бөлмеде ондаған автомат кір жуғыш машиналар тізіліп тұр. Жуылған киімдерді кептіруге арналған бөлме бар. Киім үтіктейтін арнайы стол мен үтіктер сақадай сайланып тұр. Барлық қабаттар мен дәліздерде бейнебақылау жүйесі қойылған. Бір бөлме медпункт ретінде жабдықталған. Ем қабылдап жүрген студентке дәрі егу керек болса - университет емханасынан медбике келіп көмегін көрсетеді. Сырттан кірген студент құжатын турникетке жақындатқан сәтте вахтер алдындағы экраннан суретінен бастап барлық мәлімет көрініп тұрады. Университет әкімшілігі енді интернет пен Wi-Fi жүйесінің жылдамдығын көбейтуге жұмыстанып жатыр. «Smart Home» жүйесі бағдарламасын жыл сайын дамытып, жетілдіре беретін мүмкіндік мол. Мысалы, алдағы уақытта шатырда күн сәулесінен қуат алатын батареялар орнатып, электр энергиясын үнемдеуге болады.

Оқу мен демалыс үшін барынша қолайлы жағдай жасалған студенттен үлгілі тәртіп пен жақсы оқу ғана талап етіледі. Есік алдында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Іргеде тұрған стадионда жүгіруге болады. Бұлшық еттерді шынықтырамын десеңіз - спорттық тренажерлар дайын. Оқу корпустары таяқ тастам жерде, жолға көк тиын шығармайсыз.

Университет басшылығы жатақханалардан орын бөлгенде факультет пен оқу корпусының жақындығын ескеруге тырысады. Бірінші кезекте әлеуметтік жеңілдігі бар студенттер, жетім балалар, көп балалы отбасы өкілдері, грантта оқитындар, алыстан және шет елден келгендер, оқу озаттары мен мәдени-қоғамдық шаралардың белсенділері артықшылыққа ие. Артылып қалған орындар да әділдік принципімен беріледі. Қазіргі уақытта арыз берген студенттер толық орын алды. Оқуда озат, тәртібі тап-тұйнақтай жоғары курс студенттері де өткен жылы тұрған бөлмелеріне қайта орналасты. Осы уақытқа дейін тәртіп бұзған, ерсі әрекеті үшін шығарылған ешкім болған жоқ. Студенттерге шағын теледидар мен тоңазытқыш кіргізуге де рұхсат бердік. Мезгілсіз уақытта көршілерінің сабақ оқуына кедергі жасамаса болды. Сессия уақытында ғана емес, оқу залында тәулік бойы сабаққа дайындалуға рұхсат, - дейді «Жастар үйінің» директоры Бейбітшілік Көбекқызы.

«Жастар үйінің» бірнеше қабатын аралап, студенттердің тұрмыс тіршілігімен таныстық. Бес жүз адам кіріп-шығып жүрсе де тып-тыныш. Жазуын жазып, кітабын оқып, киімдерін үтіктеп, әркім өз шаруасымен жүр. Тоқсаныншы жылдарда күнде төбелес, айқай-шу, есік-терезе қирап жататын жатақханаларды көп көрген ата-аналар балаларынан хабар алуға келгенде өз көздеріне сенбей, жан-жағына тамсанып қарай береді екен. Университет ұжымы бұл жетістіктерді місе тұтпай, әрі қарай жетілдіруді ойлап отыр. Материалдық-техникалық базаның нығаюы, оқыту мен оқу сапасының өсуі, мемлекеттік бағдарламалар мен міндеттердің талабы тоқырауды ұнатпайды. «Еркін елдің ертеңі - кемел білім мен ғылымда» дейді мемлекет Президенті. Тиянақты білім алған жастар тәуелсіз мемлекеттің тірегі, ертеңгі күнге сеніммен аттанатын елшісі.

Айшуақ Дәрменұлы, Ақтөбе қаласы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер