USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Ақтөбеде лаңкестерге қатысты сот отырысы жабық өтеді

Фото: автордікі

Ақтөбеде 5 маусым күні болған террористік оқиғаға қатысты алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Судья Нұрлан Сұлтановтың шешімімен негізгі сот отырысы жабық түрде өтеді. Алғашқы сот отырысы 24 қазанға белгіленген, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін таңертең Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 5 маусым күні болған лаңкестік оқиғаға байланысты сот отырысының алдын ала тыңдалымы басталды. Қала қауіпсіздігі үшін құқық қорғаушылар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Сот отырысы кезінде облыстық соттың төрағасы Мұратқали Әкетай, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Абисатов, жергілікті полиция басшысы Қанат Әлиев және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері келіп, арнайы жасақ пен снайперлер күзетті күшейтті.

Судья Нұрлан Сұлтанов қорғаушылар мен мемлекеттік айыпталушыларды таныстырып, сотталушыларға тағылған айыпты оқыған соң сот залындағы дыбыс өшірілді. Сот енді жабық есік жағдайында өтеді.

«Қылмыстық іске қатысты алдын ала сот тыңдалымы ашық жағдайда өтті. Сот отырысы кезінде судья Нұрлан Сұлтанов негізгі сот отырысы жабдық түрде өтеді деп шешім шығарды. Сондықтан, сот залынан берілетін дыбыс өшірілді. Қорғаушылар түгел келетін болса, негізгі сот отырысы 24 қазанға белгіленеді. ҚР заңнамасына сәйкес қауіпсіздік үшін сотты жабық өткізуге болады»,- деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев.

Еске салсақ, 5 маусымда «Паллада» мен «Пантера» қару-жарақ дүкені мен №6655 әскери бөліміне шабуыл жасалды. Террорлық акті кезінде 8 адам қаза тауып, 23 адам жараланды, ауруханада ем қабылдады. Барлығы 29 сотталушының 9-ы лаңкестік шабуыл жасағаны, 18-і жоспарланған қылмысты хабарламағаны, екеуі қылмысты жасырғаны үшін жауап береді. Сотталушылардың 28-і уақытша тергеу изоляторында отыр, біреуі қаладан шықпау жөніндегі қолхатпен босатылған. Қылмыстық іс 201 томнан тұрады. Іс бойынша 215 сараптама жасалды.

Айта кетейік, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаңа зал жасақталды. Ғимаратта 20 бейнекамера бар. Мұнда сотталушылардың әр қадамы бақылауда.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады