BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 356.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.42
Астана:

Ақтөбеде бөлім басшысының көлігінен 1,7 млн теңге көлемінде пара табылды

Ақтөбе облысында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты аймақтық бөлім басшысы парамен ұсталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жаxин мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Кеше Ақтөбе облысында Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің маманы парамен ұсталды. Қаржы саласындағы қылмыстарды тергеу басқармасының бөлім басшысы Мерей парақорлық бойынша әшкереленді. Ол газ компаниясының директорынан заңсыз кәсіпкерлік туралы сотқа дейінгі тергеуді тоқтатқаны үшін 1,7 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды. Қазіргі кезде Мерей Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалды», - деді ресми өкіл брифингте.

Сонымен қатар, Нұрлан Жаxин аталған өңірдегі облыстық Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінгенін атап өтті.

«Ақтөбе облысында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Аңшыбаев күдікке ілінді. Тергеу барысында 2016-2017 жылдар аралығындағы Аңшыбаев атынан Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті және қандай да бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірқатар нысандарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін қызметтер көрсету бойынша шарттар жасалғаны анықталды. Жүргізілген құрылыстық экономикалық сот сараптамасының қорытындысына сәйкес атқарылмаған жұмыстардың жалпы сомасы 12 млн теңгені құрағаны анықталды. Аталған залал құрылыстық-экономикалық сот сараптамасының қорытындысымен дәлелденген», - деді ол.

Ресми өкілдің айтуынша, Аңшыбаевқа және өзге де тұлғаларға қатысты ақша жымқыру дерегі бойынша 5 қылмыстық іс тіркелген.

Қазіргі таңда Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары қамауға алынған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер