BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Әділ Маясаров: Тазы тұқымын сақтау бойынша селекция жасайтын маман жоқ Эксклюзив

Фото: Ержан Жаубай

Қазақ үшін жеті қазынаның бірі атанған асыл тұқымды тазылар бүгінде жоқтың қасы. Осыған орай тазы өсірумен соңғы 20 жылдан бері тұрақты айналысып келе жатқан Әділ Байсаловты әңгімеге тартқан едік. Қазақтың нағыз құмай тазыларының қанын тазартып, селекция жасаумен айналысып жүрген азамат бүгінде таза қанды тазылар қалмады дейді.

- Қазір асыл тұқымды нағыз қазақы тазылар бар ма?

- Бүгінгі күні бұрын біз бала күнімізде көріп өскен тазылар жоқ. Әрине, тазы құрып кетті деп айтуға болмайды, бірақ таза тазыларды өз басым іздеп жүрмін, әлі күнге дейін кездестірген жоқпын.

- Өзіңіз тазы ұстайсыз ба?

- Ұстаймын. Бір кезде Қазақ энсиклопедиясына кірген «Тұйғын» атты тазының тұқымдарын өсіріп келемін. Сол тазының күшігі болған, содан жалғасып, тұқымы үзілмей келеді. «Таймас», «Аққұс» атты иттерім де болды.

- Тазының бабы қиын ба?

- Тазының бабы тым қиын емес. Бірақ қазір ешкім атқа мініп алып, тазыны ертіп жүріп сейіл құрмайды ғой. Ал тазыны сонардан басқа уақытта сейілдетіп, сергітіп, жүгіртіп жүру керек.

- Қасқыр алатын тазы бар ма?

- Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Айғыржал деген ауыл бар. Сол ауылда Әшірбеков Әміржан деген азаматтың «Тұйғын» деген тазысы болды. Сол тазы жалғыз өзі бір қасқырды алған. Қазіргі кезде бұл жағдай аңыз әңгіме секілді болып кетті, дегенмен мен білетін жалғыз өзі қасқыр алған тазы сол ғана.

- Тазыларға селекция жасауға болмай ма?

- Тазы тұқымын сақтау бойынша селекция жасайтын маман жоқ. Сондықтан да алғыр тазылардан тұқым қалмаған. Өзімізден үлкен ағаларымыз да сұрап жатады кейде «неге тазы құрып кеткен, неге кезінде селекция жасап қалмағансыңдар?» деп. Ол кезде қазақ тазысы құрып кетеді деген түсінік болмаған. Себебі екінің бірінде тазы бар еді. Сол себепті қазақы тазыларға онша мән берілмеді. Соның салдарынан небір қасқыр алатын алғыр тазылардың, небір шалымды жүйрік тазылардың, бір ауылды бір өзі асыраған әйгілі тазылардың тұқымынан айрылып қалдық. Ешкім көңіл бөлмегендіктен көрінген итпен шағылысып, дүрегейі көбейді. Селекция жасау былай тұрсын, қолындағы тазының қандай итпен ылығып, қандай итпен шағылысып жүргеніне мән бермеді халық. «Балапан басында, тұрымтай тұсында» дегендей, жеті қазынаның бірі десе де, итті қойып адамға көңіл бөлудің өзі мұң болды ғой. Сол қателіктен болып, қазір таза қанды тазылар құрып кетудің алдында тұр. Енді Абай атамыз айтқандай «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» отырмыз. Дегенмен «ештен кеш жақсы» дегендей, қазіргі бар тазының қанын тазартып, қазақы таза қанды тазыларды шығарсақ деген ойымыз бар.

- Тазының көбі дүрегей болып кетті дедіңіз ғой. Сонда қаны бұзылып кеткен болып отыр ғой иә?

- Иә, орыстың, ауғанның иттерімен шатысып кетті. Өзіміздің алабаймен де қаны араласып кетті. Қазір тазы ғана емес, бұрынғы кездің дәу төбеттері де жоқ болып кетті ғой.

Негізі тазы деген қазақтың бренді болуы керек еді. Өзіміз қадіріне жете алмадық. Бүкіл қазақ болып жабылып тазыны дәріптесе де артық болмас еді. Сол үшін ел болып жұмылып жұмыс істеу керек. Әрбір қазақ, «менде үш тазым бар, менде бес тазым бар» деп өзі жетелеген итімен мақтанғанша, соның елге танылуына, халықтың соған деген қызығушылығын оятуға жұмыс істеулері керек. Тіпті, керек болса, қазақ тазысын халықаралық деңгейге шығарсын. Сонда ғана ол ұлттың брендіне айналады, сол үшін жұмыс істеген болады.

- Осы бойынша өзіңіз не істеп жүрсіз?

- Мен ананы істедім, мынаны істедім деуден аулақпын. Дегенмен, өз мүмкіндігім жеткенше осы тазы тұқымын тазартуға тер төгіп келемін. Нәтижесі де жаман емес. Алыс-жақын шетелдегі жігіттермен де осы сала бойынша байланыс орнатудың сәті түсті. 20 жылдан бері тұрақты түрде селекция жасап келемін. Қазіргі таңда еліміздегі тазыға қызғатын жігіттердің көбі менің құмайларымның қадірін біледі. Жаңа жоғарыда айтқан «Таймас», «Аққұс» деген тазыларыммен қасқыр да алғыздым. Тіпті, қасқырды ұстап, басып жатқан жерінен тірідей байлап, қасқырды ауылға алып келген кездерім болды.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер