BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Адам өмір бойғы білімінің 80 пайызын 7 жасқа дейін алады – профессор

Ресейлік профессор, п.ғ.д. Людмила Моисеева Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында бала дарындылығын дамыту жолдарын атап берді. Жаңа дарындылық теориясын әзірлеген ғалымның айтуынша, балаға кішкентайынан білім беру керек әрі оның генетикалық қабілеттерін ескеру қажет.

«Шамамен 20 жыл бұрын өзім қызмет еткен ресейлік университетте «мектепке дейінгі білім беру» мамандығы жаңадан ашылды. Осы мамандықты ашқаннан кейін бұрын белгілі бола бермеген, потенциалы зор мүмкіндіктерді анықтадық. Біздің студенттер «мектепке дейінгі білім беру» мамандығын әр баланы дарынды ету мақсатында игере бастады. Менің айтарым, негізінде, әр адам туғаннан дарынды. Дегенмен, дарындылық 7 жаста жоғалып кетуі мүмкін. Егер оны әрі қарай дамытпаса, ішкі потенциалды дарындылық ашылмай қалуы мүмкін. Психологтердің пікірінше, адам өмір бойғы білімінің 80 пайызын 7 жасқа дейін алады. Ал білімнің 20 пайызын өмірінің қалған бөлігінде алады екен. Сондықтан, балаға кішкентай кезінен, яғни мектепке дейін бағыт беріп, дамыту аса маңызды. Біз сол кезден бастап осы қағиданы білімнің негізіне алған едік», - деді Ресейдің Екатеринбор қаласындағы «Орал мемлекеттік педагогикалық университетінің» профессоры.

Людмила Моисеева – жаңа дарындылық теориясын әзірлеген ғалым. Оның пікірінше, оқытушы баланың бойындағы дарынды ашу үшін педагогикалық және психологиялық ғылымды қатар игеруі керек.

«Сондай-ақ, біз экопсихологиялық әдістемемен жұмыс жасадық. Яғни, генетикалық мәлімет негізінде дарындылықты дамытудың жолын зерттедік. Балаға генетикалық жолмен ата-анасы, ата-әжелерінен келетін факторлармен жұмыс жасап көрдік. Кейде біз баланың бойында бар генетикалық қабілеттерді дамытпаймыз. Мысалы, анасы қызының балет бишісі болғанын қалайды. Оны кішкентай кезінен биге апарады, қыз жақсы нәтижелер көрсетеді. Дегенмен, соңында оған «сыртқы келбетіңіз жарамайды, әрі қарай өтпейсіз» сынды себептерді айтады. Осылайша, бала күйзеліске ұшырап, анасы да уайымдайды. Дегенмен, баланың бойында мүлдем басқа генетикалық қабілеттер бар ғой. Сол қабілеттер мен қасиеттерді дамытса, ол елдің үздігі атанушы еді. Сондықтан баланың бойынан генетикалық қабілеттерді анықтап, пайдаланып, дамыту керек. Ата-анасына да «бұл генетикалық жолмен берілген қабілет» деп түсіндіру қажет», - деді Людмила Моисеева.

Профессордың айтуынша, қазіргі таңда жаңа дарындылық теориясы кең тарап келе жатыр. Бұл әдістеме Ресейде біртіндеп енгізілуде. Қазақсанда да осы тақырып бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Айып етпессіз, бірақ бұл ретте жан-жануарларды мысалға келтіруге болады. Мәселен, сіз ит не мысық асырағыңыз келсе, оның белгілі бір тұқымын таңдайсыз. Адам неліктен олардың тұқымына қарайды? Өйткені, белгілі бір факторлар мен қасиеттер жануарларға генетикалық жолмен беріледі. Оларды дамытып, үйретіп керек емес. Генетиканы пайдалану деген осы. Яғни, бұл табиғи нәрсе, қасиеттер бойында болады. Мысалы, иттің бір тұқымы иісті жақсы сезсе, екіншісі дауысты жылдам таниды, ал үшіншісі белгілі бір тапсырмаларды мүлтіксіз орындайды. Ал бізге, яғни адамдарға неге осы бойымызда бекітілген генетикалық қасиеттерді пайдаланбасқа? Сондықтан, ата-бабадан дарыған қасиет-қабілеттерді жандандырып, қалыптастыру қажет деген пікірдемін. Бұл процесті неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым дұрыс деп ойлаймын», - деп ойын түйіндеді Людмила Моисеева.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер