BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Әбілқасымова 674 мың мүгедек қалай әлеуметтік қорғалып отырғанын айтты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау туралы есеп берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қазіргі кезде Қазақстанда 674 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 62% – еңбекке қабілетті жаста, 25% – зейнеткерлік жаста, 12% – 18 жасқа дейінгі балалар.

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді және оңалтудың техникалық құралдарын ұсынуды қамтиды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс шамасының өзгеруіне байланысты мүгедектерге берілетін жәрдемақы 16 %-ға дейін арттырылды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны – 508 700 адамды, жәрдемақы – 40 769 теңгені құрады», - деп атап өтті министр.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәмелет жасқа толған бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім көрсетіп отырған адамдарға 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа жәрдемақы енгізілген жәрдемақы 10 мың отбасыға тағайындалғанын оның мөлшері 29 699 теңгені құрайтынын айтты.

«881 ұйым 100 мыңға жуық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсынды. Сонымен қатар 8 мыңнан астам адамға 130 үкіметтік емес ұйым арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Жалпы 2018 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға және оларға көмек көрсетуге 302 миллиард теңге көзделді», - деп мәлімдеді Әбілқасымова.

Ол 2012 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қаржыландыруға 2018 жылы 6 миллиард теңге көзделгенін атап өтті.

«Бөлінген қаражат шеңберінде мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған ұйымдар орналасқан жерлерде 17 270 бірлік жол белгісі мен жол сілтегіштер, жүргіншілер өтетін жолдарда дыбыстайтын құрылғы орнатылды. 15 «Инватакси» қызметі құрылды, бюджеттің шығыстарын ескергенде оларда 34 800 адамға қызмет көрсететін 280 арнайы машина бар. 26 өңірлік телеарнада жаңалықтар сурдо-аудармамен қамтамасыз етілген. Мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормалары екі есе ұлғайтылып, 51 мың адам қамтылды; есту қабілеті нашар 4 мың мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызмет көрсету уақыты екі есеге ұлғайтылды. 55 мыңнан астам мүгедектігі бар адамды қазіргі заманғы гаджеттермен қамтамасыз ету үшін Оңалтудың техникалық құралдарының тізбесі 32-ден 55-ке дейін кеңейтілді», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер