BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 341.18 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.97 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.34
Астана:

Абаев: Еліміздің эфирінде жүрген барлық буын үлкен құрметке лайық

Фото: Егемен Қазақстан

Қазақстан республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар ол биылғы "Тұмар" телевизиялық байқауының марапаттау рәсімі қашан өтетінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

"16 наурыз күні «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімін өткіземіз. Республикалық, аймақтық телеарналарда еңбек етіп жүрген шығармашылық топтарды ынталандыру мақсатында қолға алынған бұл шара осымен екінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Биыл «Тұмар» бәйгесі қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы аясында өтетіні де өте қуанышты. Өйткені бұл күнді ел журналистикасы үшін айтулы дата десек те қателеспейміз" - дейді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар ол телевизия саласына тер төккен ардагерлерімізді әрқашан құрмет тұта білуіміз керектігін айтты.

"60 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында қазақ телевизиясы жан-жақты өсті. Осы орайда отандық телевизия саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсаған ардагерлерімізді ұлықтау, еңбектерін ұмытпау біздің басты міндетіміз. Алматыдан ең алғаш барша жұртқа хабар таратқан дикторлар мен редакторлардың, техникалық топтың атқарған игі істері елдің есінде. Қазақ телевизиясының әр саласында түрлі қызмет жасаған әлі де еңбек етіп келе жатқан аға-апаларымыздың өнегелі ісін, жас ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз. Теле сала ардагерлерінің арасында өмірден өтіп кеткен майталман мамандар да болды. Ол тұлғаларымыздың бейнесі мен дауысы, қолтаңбасы архивте сақтаулы" - дейді министр.

Телеарна ардагерлерін құттықтаған министр олардың өмірі келер ұрпаққа, бүгінгі жас журналистерге үлгі екенін атап өтті.

"Әлі күнге дейін жас журналистердің бойына білген-түйгенін, мол тәжіребиесін сіңіріп жүрген корифейлеріміз бар. Мәтін зергерлері мен сөз шеберлерін, режиссер, операторларды қазақ телевизиясының 60 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің эфирінде жүрген барлық буын үлкен құрметке лайық. Сіздерге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін!" - деп жазды министр өзінің фейсбуктағы парақшасында.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер