BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

9 айда 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасқан

Фото: Нұржас Жақсыбай

2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Астанада 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа қабылданған. Бұл туралы Астана қаласы жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін елордадағы Жастар сарайында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған шараға 30-ға жуық мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік компаниялар қатысты. Осы орайда Астана қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Омар Олжас ағымдағы жылдың 9 айында 4,5 мың азамат жұмысқа орналасқанын атап өтті. Оның ішінде 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі тұрғын еңбек ету мүмкіндігіне қол жеткізген.

«2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Астанада 4,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде 500-ге жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар. Жалпы қазан айының екінші жексенбісі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күні деп есептеледі. Сондықтан біз бүгінгі бос орындар жәрмеңкесін осы жандарға арнайы ұйымдастырдық. Аталған жәрмеңкеге 30-ға жуық жұмыс беруші қатысуда», - деді ол.

Осы орайда қалалық Жұмыспен қамту орталығы директорының кеңесшісі Арнұр Ысқақов жұмысқа орналасқан мүгедек жандардың қай салада еңбектеніп жүргенін алға тартты.

«9 айда 500-ге жуық азаматтың жұмысқа орналасқанын айттық. Оның 320-сы қоғамдық жұмыста, ал 120 азамат нақты жұмысқа орналасқан. Олар тиісті жалақысын алады. Жұмысқа орналасқан 7 мүгедек жан жастар саясаты бойынша өз міндетін атқаруда. Қоғамдық жұмыстың не екенін түсіндіріп өтейін. Қаладағы түрлі қоғамдық ұйымдарда мүгедек жандар неше түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды, түрлі шаралар ұйымдастырады. Бұл қоғамдық жұмыс болып есептеледі. Осы еңбегі үшін олар тиісті жалақысын алады», - деді ол.

Сонымен қатар жәрмеңкеде көптеген жекеменшік ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер мүгедек жандар үшін түрлі мамандықтарды ұсынды. Осы орайда біз аталған мекемелерге қандай мамандар қажет екенін білуге тырыстық.

«Бейбітшілік және келісім сарайы» МКҚК-нің аға-кадр инспекторы Панар Карженова:

«Бізде жұмысшы, жобалық сахналық жарықтандыру бөлімінің технигі, инженер-жарықтандырушы, бақылаушы инспектор, инженер-механик мамандықтары бойынша бос орындар бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да өтінішін қабылдаймыз. Біз Астана қаласының әкімдігіне қараймыз. Сондықтан жалақымыз орташа. Ол 30-60 мың теңгенің аралығында», - деді ол.

Астана қаласы №2 емханасының кадр бөлімінің жетекшісі Әйгерім Қуанова:

«Емханамызға онколог, акушер-гинеколог, кардиолог, офтольмолог, медбикелер, акушерлер, 2 программист пен сантехник қажет. Біз мүгедек жандарды жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Қазіргі таңда бізде мүмкіндігі шектеулі 11 азамат жұмыс істейді. Олардың қатарында дәрігерлер, медбикелер, лаборанттар бар. Қазіргі таңда 5 мүгедек жанды жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Олар 8 (717) 239 76 65 нөміріне хабарласа алады», - деді маман.

«Ақмола электр желілік үйлестіру компаниясы» АҚ кадр бөлімінің маманы Салтанат Күнкенова

«Компаниямызға ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің жетекшісі, корпоративтік хатшы, өндірістік-техникалық қызметтің жетекші маманы, оқу орталығының мастері, қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы керек. Жалақы туралы мәліметті азамат бізге түйіндемесін алып келген соң, біле алады. Егер азаматтар жұмысқа қабылданса, Астана қаласында өз міндетін атқарады. Толық ақпаратты 8 717 2 371 956 нөмірі арқылы білуге болады», - деді ол.

Фото: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер