BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Мұратхан Тоқмəди ұсталды — ҰҚК

Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деген айыппен сотталып жатқан бизнесмен Мұратхан Тоқмәди 8 наурыз күні кешке ауруханада жатқан жерінен қашып кетті. Бұл жайында əлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та ақпарат тараған еді. ҚР ҰҚК Мұратхан Тоқмәдидің қашқанын растап, жедел шаралар нәтижесінде оның ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті бүгін Тоқмəдиге қатысты ресми ақпарат таратты.

«2018 жылғы 8 наурызда сағат 19:20-да 1966 жылы ШҚО Аягөз қаласында туған Мұратхан Тоқмəди Шəкерханұлы Жамбыл облыстық аурухана ғимаратынан қашпақшы болған. Тоқмəди Мұхтар Əблəзовтің тапсырысымен «Тұран Əлем Банкі» АҚ-тың бұрынғы Басқарма төрағасы Ержан Тəтішевті қасақана өлтіргені үшін айыпталған. Таразда өтіп жатқан сот процесі барысында Тоқмəди денсаулығының нашарлағанын айтып, уақытша Жамбыл облыстық ауруханада жатқан.

Тараз қаласында қолға алынған жедел шаралар нәтижесінде М.Тоқмәди ұсталды және «Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/1 мекемесіне» орналастырылды. Қазіргі сәтте М.Ш. Тоқмәдидің қашуына қатысты жағдайлар мен себептерді анықтау шаралары жүргізіліп жатыр», — делінген ҚР ҰҚК жіберген хабарламада.

Бұл ақпаратты кеше Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті растады. Олар 9 наурыз күні ресми мәлімдеме жасалатынын айтты.

«Иә, қашқаны рас. Тараз қаласының облыстық ауруханасынан сағат шамамен 19:00-де қашып кетті. Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында iздестiру жұмыстарын жүргiзiп жатырмыз», — дедi полиция подполковнигi Қадыров Baq.kz тілшісіне.

Тоқмәдидің қашып кеткені туралы мəліметті Тараз қаласы облыстық ауруханасының қабылдау бөлмесі де растаған. Түнгі уақытта Тоқмəдиді ұстау операциясы жүріп, құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Тоқмəди туралы мəлімет таратылып, құқық қорғаушылар көшені итпен торауылдады. Ал кеше ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев өзіне бұл мәселеге қатысты ақпарат келіп түспегенін жеткізген еді.

Еске салсақ, Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi өтiп жатыр. 12 наурыз күні сот жарыссөзі өтуі керек болатын. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлуде. Ал, 11 жыл бұрын бизнесмен Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Сол кезде қылмыс абайсызда жасалды делiнiп, Мұратхан Тоқмәди Тараз қалалық сотының 2007 жылғы 3 қыркүйектегi үкiмiмен бiр жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылықпен жазадан босатылды. Бұл iс бойынша тергеу амалдары мен соттар 3 жылға созылған едi.

2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2017 жылғы қазанда КТК арнасынан көрсетiлген фильмде Тоқмәди Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындап, банкирдiң көзiн Мұхтар Әбләзовтiң тапсырысымен жойғанын айтты. Бұл факт бұған дейiн жүргiзiлген тергеу барысында да анықталып, iс қайта қозғалған едi. Сондай-ақ, Тоқмәди Әбләзовтен Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Осылайша, Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн Тұран Әлем Банкiнiң басшылығына келген. 2018 жылғы 16-ақпанда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол осы айтқандарын растады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер