USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

22 жастағы қазақ қызы өзіне «бай демеуші» іздеп жүр

Жылаймыз ба, күлеміз бе?! «Қызға қырық үйден тыю» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Қазіргі заманда қыз тәрбиелеудің өзі үлкен уайымға айналды. Үлкенге құрметті, кішіге ізетті ұмытқан бүгінгі қоғамда кей қыздарымыздың қылығы жаға ұстататын деңгейге жетті. Екі күннің бірінде дәретханадан бала тауып, бауырымыз езіліп еді. Енді, міне, 22 жастағы Меруерттің «бай демеуші іздеймін» деген ашық хаты жығылғанға жұдырықтай тиіп отыр. Өзекті өртейтіні, жазып отырған өзіміздің қара көз қазақ қызымыз.

«Атың шықпаса, жер өртенің» кері ме, кім білсін... Кеше Меруерт есімді қыз әлеуметтік желідегі жеке парақшасына қымбат киім киіп, жеке пәтерде тұрып, жоғары деңгейде өмір сүргісі келетінін, ал осы мақсатқа жету үшін «бай демеуші» іздейтінін еш боямасыз жазып қойған.

Меруерттің талабы бойынша, «демеушісі» жасы 35-тен аспаған, бойы 180-нен жоғары тек қазақ болуы керек. Сондай-ақ, білімді, ақылды, қызықты, жомарт әрі адамгершілігі зор болуы шарт.

Өзі, жазбасына қарағанда, алматылық, Алматы қаласында тұрады. Тәрбиелі отбасыдан шыққан. Жасы 22-де. Тіпті, университетті «қызыл дипломмен» аяқтапты. Бірақ, әзірге, жұмыссыз екен.

«Шынымды айтсам, жұмыс істегім де келмейді, себебі қолымнан түк келмейді. Бірақ өте қызықты әрі сұлу қызбын. Бойым 168, салмағым 52 кг. Модельге ұқсаймын», - деп жазған демеуші іздеген ару.

Меруерттің болашақ демеушіге қояр талабы: Алматының элитті ауданында орналасқан еврожөндеу жүргізілген жеке пәтерде тұрғысы келеді. Бір айғы шай-пайына 1 млн теңге жетеді деп отыр. Әдемі нөмерімен Айфон 7 телефоны болғанын қалайды. Әзірге көлік айдай алмайды, сондықтан таксимен жүріп-тұрмақшы.

Не нәрсенің тек қымбаты мен сапалысын қалайтын сылқым өмірден бар жақсыны молынан алғысы келеді екен.

«Қарапайым жігіттер маған тиісті деңгейде қамқор бола алмайтынын жақсы түсінемін) Бар қалауым, жоғары деңгейде өмір сүру. Бұл қылмыс емес, менің жеке қалауым», - деп ақталмақ болды ару.

«P.S. Нақты ұсыныстармен жекеге жазыңыздар. Егер қалауымдағы ер азамат табылса, мен онымен кездесуге дайын екеніме уәде беремін. Кейін бірге суретке түсіп, оны жеке парақшама жариялайтын болам. Баршаңызға размет!)», - деп аяқтаған өз жазбасын ол.

Осылайша, жеке өмірін реалити-шоуға айналдырған Меруерт, егер басы бос болса, болашақ демеушісімен отау құруға да дәмелі.

Қыз қылығының ақ-қарасын оқыған жұрт өзі ажырата жатар. Қорқатынымыз, Меруерттің мұнысы виртуалдық вирусқа айналып кетпесе игі.

Бір өкініштісі, Меруерт сынды қыздар елімізде аз емес. Ал біздікі, жалқау қызға жарнама жасау емес, кез келген ата-ана қыздарының тәрбиесіне терең мән беріп, ұлт ұрпағының жалғастырушысы екенін естен шығармаса екен деген тілек қана.

Алтын АҚИҚАТ

Ұқсас сілтемелер:
10 Желтоқсан 2016, 01:45
Жақсы өлең жазылмады...
Пікірлер1
marita
мечтать не вредно

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады