USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

21 қарашадан бастап ескі көліктерге ақшалай өтемақы беріледі

«Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» ЖШС тозығы жеткен көлік құралдарын жоюға арналған бағдарлама дайындаған. Оның аясында жеке және заңды тұлғалардың ескі автокөліктеріне төленетін қаржылай өтемақы сомасы келісілді. Бұл туралы компанияның атқарушы директоры Сергей Юрча айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бұл бағдарлама 21 қараша күні басталады деп жоспарлап отырмыз. Осы ретте айта кетейін, Қазақстанның 17 қаласында ескі көліктерді қабылдайтын бекет жұмыс істейді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 10 мың ескі көлікті жою көзделіп отыр. Тұрғындар М1 санаттағы (жеңіл автокөлік, 3,5 тоннадан аспайтын жеті орынға дейінгі теxникалар) көлігін жоюға тапсырып, орнына ақшалай өтемақы алады», -дейді Сергей Юрча.

Оның айтуынша, жойылатын автокөліктер екі санатқа бөлінеді екен. Оларға төленетін өтемақы көлемі де әр түрлі.

«Толық жиынтықта болса, 150 мың теңге, ал автокөлік жүрмесе (көлік шанағы, есігі, қозғалтқыш, беріліс қорабы болуы керек) 48 мың теңге беріледі. «ӨКМ операторы» ЖШС ҚР Энергетика министрлігі және Қазақстан автобизнес қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Яғни аталған ведомстволармен бірлесіп, жеке және заңды тұлғаларға сертификат алу үшін қаржы бөлуге мүмкіндік беретін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мәселесін қарастырудамыз. Бұл сертфикат отандық автоөндірушілерден жаңа экологиялық таза көлік құралдарын сатып алуға жеңілдік береді», - дейді ӨКМ өкілі.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады