BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

«100 жаңа есім» жеңімпаздары қазақстандықтарды жобаға қатысуға шақырды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада республикалық жастар ұйымдардың басшылары «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2017 жылғы жеңімпаздарымен бірлесе атқарған іс-шаралар туралы ақпарат беріп, елордамыздың жастары мен тұрғындарын «Жүз жаңа есім» жобасына белсене қатысуға шақырды.

Бүгінгі шараға «Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттер қозғалысының жетекшісі Ілияс Түстікбаев, «Қазақстан жастар конгресі» жанындағы республикалық жастарды дамыту орталығының басшысы Ерғазы Әзімханұлы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы жеңімпаздары Серік Есматов пен Айдие Айдарбеков, «Астана жастары» КММ орталығының директоры Үкібай Нұрпеисов қатысты.

Студенттер қозғалысының жетекшісі Ілияс Түстікбаевтың айтуынша, еліміздің 17 өңірінде 30 мыңнан астам белсенді жас 530 мың студентпен жұмыс істейді.

«100 жаңа есім» – жастар үшін, студенттер үшін керемет жоба. Осы жоба арқылы еліміздің әр өңірінде, оқу орындарында танылмай жүрген, елеулі еңбек сіңірген, жобаларын жасап, жаңалық ашқан жастарды елге таныту мүмкін болып отыр. «100 жаңа есім» жеңімпаздарымен біраз іс-шаралар атқардық. Олар студенттермен кездесіп, ойларымен, тәжірибесімен бөлісті. 2-кезең басталды. Барлық өңірлерге сұраныс жібердік. Былтыр қатысқан, жеңімпаздар қатарынан көрінбеген, жаңалық ашқан студенттерді қатыстырғалы жатырмыз», - деді Түстікбаев.

«Қазақстан жастар конгресі» жанындағы республикалық жастарды дамыту орталығының басшысы Ерғазы Әзімханұлы болса конгрестің осы жоба аясында «7 жалын» жобасын іске қосқанын атап өтті. Бұл жобада Үкіметтік емес ұйымдар өз атынан жастарды ұсынып, олардың жетістіктерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

«Ел білмейтін айтарлықтай еңбегі бар адамдар, ауылдан батырларымыз шығып жатады. Соларды іздеу мақсатында жастармен жұмыс жасау ұйымдарына, әкімдік жанындағы жастар орталықтарына хабарласып шықтық. Жоба аясында кездесу ұйымдастырдық. Белгілі жетістікке жеткен азаматтарды насихаттау арқылы адамдарды жігерлендіреміз», - деп айтты ол.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматов бұл жобаға қалай тап болғанын баяндап берді.

«Ұзақ уақыт бойы адам ретінде, болашақ тұлға ретінде өзімді іздедім. Мәдени, спорттық шараларға белсенді қатысып жүрдім. Мен секілді жағдайға тап болғандарға көмектесіп жүрдім. Адамдар көзімнен шындықты, шынайылықты көрген соң олар әр сөзімді тыңдады. Маған жүгінген 250-дей адаға қолымнан келгенше көмектестім. Олар қазір өмір сүріп жатыр. Менің әр жетістігімді, басқан қадамымды адамдар көрді. «100 жаңа есімге» қатыспай тұрып та БАҚ жазды, адамдар шулады. Осының арқасында мені Алматы мен Астана қаласының басшылығы байқады. Алматы қаласының әкімдігі мені үміткер ретінде ұсынды. Жобаға қатысқан соң менің өмірім түбегейлі өзгерді. Әр басқан қадамым мен әр сөзімнің мағынасы болды. Солай жалғасып келеді», - деді Серік Есматов.

Ол «100 жаңа есім» жобасынан өзін көргісі келетін адамдарға қандай қасиеттерге ие болу қажет екенін айты.

«Әр адамның өз санасы бар, оны өзгертуге болады. Бәрі адамның өз қолында. Өмірде шектеу жоқ. Аяғымнан айырылсам да бұл бір орында тоқтап, аспаннан ғажайып күтпеймін. Бұл ғажайыпты өзің де жасай аласың. Айдие (режиссер – авт.) өмірді камер арқылы бейнелейді. Оның өмірге деген өз көзқарасы бар. Мен адамдарға осы дауысым арқылы әсер ете аламын. Болашағымыз өзімізге байланысты. Барлығы жақсы болуы үшін әр адам өз-өзімен жұмыс істеуі керек. Мотиватор, оратор ретінде менің жасымдағы адамдарды дұрыс өмір сүріп, әрекет жасап, кеңінен ойлауға шақырамын. Өмір қозғалыстан тұрады. Өз-өзіңе сену керек. Мүмкіндіктерді желге ұшырмау керек. Үлкен жетістіктерге лайықты болыңыздар. Өз-өздеріңізді көрсетіңіздер, ұялмаңыздар, қорықпаңыздар», - деді ол.

Жас режиссер, жоба жеңімпазы Айдие Айдарбеков «100 жаңа есімге» кездейсоқ тап болған. Дауыс беру кезеңі басталғанда АҚШ-қа Нью-Йорк киноакадемиясында режиссер мамандығында оқуға кеткен. Жоба туралы Америкада жүргенде білген.

«Қарапайым адаммын, өтінім жіберу ойға келмеді. Бірнеше уақыттан соң хабарламалар, қоңыраулар келіп түсті. Адамдар маған дауыс беретіндерін айтып, қолдайтындарын жеткізді. Алғашында не үшін екенін түсінбедім, содан кейін сілтемені жіберді. Ауыл жігітімін. «Жақсы» ауылында өстім. Ауыл тұрғындары «100 жаңа есім» жобасына мені лайықты деп тауып, сайтқа ақпарат толтырып, өтінім жіберіпті. Содан соң адамдар мені біле бастады. Кездейсоқ қатыстым, «100 жаңа есімнің» бірі атанғаныма әлі күнге дейін сенбеймін. Халықтың қолдауын сезесің. Жеңімпаз деп айтқан ұнамайды, жеңімпаз емеспін, маған дауыс берді, мені таңдады. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Халықтың таңдауын ақтау үшін барлық күшімді саламын», - деді жас режиссер.

Айдие Америкада оқып жүрген кезде елімізде өткен көптеген шараға қатыса алмағанын айтты. Ол оқуын бітіріп, Қазақстанға екі апта бұрын ғана келді. Енді шаралардан қалыс қалмай, журналистердің сұрақтарына жауап беруге тырысатынын айтты. «Айтарым бар болған соң оны адамдарға жеткізгім келеді» - дейді ол.

«Қазақстанда талантты адамдар көп. Олар туралы білуге, оларды тыңдауға және көруге болады. «Не үшін сендерді әртүрлі шараға шақырады?», «неге баннерде фотоларыңды қойған?» деп сұрайды. Бұл коммерциялық емес, иммиджік жоба. Мемлекет бұл жерде қаржылай көмектеспейді, сен туралы айтып, басқаларға үлгі ретінде көрсетеді. Мұны қажет деп ойлаймын. Екінші кезең жариялады. Қызықты жаңа есімдер танылады деп ойлаймын. Сайтқа кіріп өзім де ұнаған адамдарға дауыс беремін», - деп сөзін түйіндеді ол.

«Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім культі идеяларын Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихын үлгі ете отырып насихаттау.

Фото/видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер