BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Асанәлі Әшімов: Менің бақытым – Әшірбектей сыншы досымның болғаны

Фото: Абзал Қалиев

Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына орай жары Күләш Сығайдың құрастыруымен сыншының өмірі мен шығармашылығына арналған «Сын сардары» атты естелік-кітап жарық көрді. Бүгін Астанадағы Академиялық кітапханада өткен жаңа кітаптың тұсаукесеріне қатысқан Қазақстанның еңбек ері, актер Асанәлі Әшімов театр сыншысы Әшірбек Сығайды өзінің шығармашылық жолындағы ақылшы інілерінің бірі екенін айтып, оның театр өнеріне қосқан үлесін әңгімеледі, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Көрнекті театр сыншысы, аудармашы, ұстаз Әшірбек Сығай «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары», «Театр тағлымы», «Толғам», «Талдықорған театры», «Театр поэзиясын пір тұтқан», «Сахна әлемі», «Актер әлемі», «Ой төрінде – театр», «Театр сардары», «Райымбек Сейтмет», «Сәбира Майқанова», «Ән-тағдыр», «Таңғажайып театр» 20-дан аса кітаптың авторы. Театр зерттеушісі 2014 жылы өмірден өткеннен кейін де үш кітабы жарық көреді. Сол жылы «Қазақфильм» студиясында Әшірбек Сығай туралы «Сын сардары» атты деректі фильм түсірілді. Қоғам қайраткері қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бұл төртінші кітапқа баспасөз беттерінде жарық көрген еңбектер еніп, «Сын сардары» деген атпен жарық көріп отыр.

«Әшекең бақилық болғаннан кейін баспасөз беттерінде шыққан мақалаларды бір кітапқа жинақтауға кірістім. Кітапты марқұмның 70 жылдығына орай 5000 тиражбен шығардық. Әшекең қайтыс болған соң үш кітап жарық көрді. Алғашқысы, «Қалеки театры» атты кітап қырқы өткеннен кейін шықты. Одан кейін актер Әшірәлі Кенжеев жайлы жазған «Біздің Әшірәлі» кітабы және «Жан сарайы» кітабы баспадан шықты. Ал мына төртінші кітапқа өзі туралы естеліктер жинақталды. Әшекең соңғы жылдары кітап жазуым керек деп көп айтты. Өзі солай толғаныста жүріп, бір ай ішінде бір кітапты жаза салатын еді. Өкінішке қарай, сол кітаптың қаншасы өзімен бірге кеткені белгісіз. Бірақ шәкірттері Әшекеңнің өмірі мен шығармашылығы жайлы көп ізденіп жүр. Сондықтан да әлі талай кітап өмірге келеді деп сенемін», - деді жары Күләш Сығай.

Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына орай өткен жаңа кітаптың тұсаукесеріне театр саласының тарландары мен танымал ақын-жазушылар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сексеннің сеңгіріне шыққан театр және кино актері Асанәлі Әшімов өзіне іні ғана емес, өнердегі жол сілтеушісі бола білген Әшірбек Сығайды театрдың бақытына туған сыншы екенін атап өтті.

«Әшірбектің маған берген жәрдемі ұшан-теңіз. Жасап жүрген рөліңді, образыңды өзің жетесіне жеткізіп ойнағандай боласың. Әшірбектің театр сыншысы ретінде көрегендігі ерекше еді. Оның өмірге келуі – театр өнерінің бақыты. Драматург, режиссер, актер – үшеуі ошақтың үш бұты сияқты. Осы үшеуі бір-бірімен келіскенде үлкен өнер туады. Осылардың бәрінің басын қосатын ол – сыншы. Біз актерлер сыншыларға қарап бойымызды түзейміз. Мен кино мен театрды қатар алып жүрген актер болғандықтан, театрды жоғары орынға қоямын. Театр – көрермен мен актердің бетпе-бет жүздесуі, ал кино – қимылдаған сурет. Образды халықтың алдында жасау бұл – театр, бұл актердің бақыты. Менің бақытым Әшірбектей іні-досымның болғаны. Кішкентай ғана атақ пен абыройға жетіп жатсам Әшірбек сияқты інілерімнің үлесінен деп білемін. Әшірбек үшін жаңа өмір басталды», - деп қорытындылады сөзін актер.

Фото: Абзал Қалиев

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер