BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.65 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 393.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

Қытай сахнасына ирланд биін тұңғыш шығарған қазақ бишісі

Фото: скрин

Фархат Бимашұлы Қытайдағы 10 үздік өнерпаздың бірі, Қытайдың 1-дәрежелі әртісі. «Мемлекеттік 1-дәрежелі әртіс» – Қытай Халық Республикасының өнер жұлдыздарына беретін ең жоғары атағы. Екінің біріне бұйырмайтын дәрежеге қандасымыз қалай жетті?

Би өнеріне 13 жасында қадам басқан Фархат Бимашұлы Шыңжаңдағы Тарбағатай аймағының тумасы. 1988 жылдан бастап өз саласы бойынша қызметке араласқан ол араға 8 жыл уақыт салып Бейжіңде орналасқан Қытайдың Мемлекеттік филармониясына биші болып барады. Фархат осы филармониядағы жалғыз қазақ өнерпазы болғанына қарамастан талантымен әлі күнге миллиардтар елін таң қалдырумен келеді. Ол үш жыл жалықпай еңбектенуінің арқасында әуен мен қимылдан құралған күрделі степ биін тек таспаға қарап үйреніп шығады. Қазақтың биші жігіті Ирландияның ұлттық биін үйреніп қана қойған жоқ, оны бұл би туралы естіп те көрмеген Қытай сахнасына 2002 жылы тұңғыш рет алып шықты. Жаңа биімен жарық жұлдыздай жарқ еткен қазақ бишісін сол кездегі қытайлық БАҚ «Шығыстың степ биі падишасы» деген атпен жарыса жазады.

«Мен көптеген конкурстардан өтіп 1996 жылы Мемлекеттік филармонияға жұмысқа тұрдым. Сол кезде өнер ұжымының бишілерге бағытталған «Шетел билерін елімізде дамыту» деген жобасы болды. Әлі есімде, 1998 жылы бір досым Америкадан Ирландияның степ биі жазылған таспаны сыйлыққа алып келді. Степ биінде қимыл мен дыбыс екеуі де маңызды орында. Сондықтан ол көрерменін қатты баурайды. Менің де табиғатыма, ішкі жан дүниеме жақын болған бұл биге бірден қызықтым. Сөйтіп биді таспадан 3 жыл тынбай үйрендім. 2012 жылы филармониямыздың 40 жылдық тойына арналған үлкен концертте осы биді алып шығамын деп басшылыққа өтініш жасадым. Басында әріптестерім маған сенімсіздік танытты. Өйткені, ирландықтардан өзге ешкім билемеген бұл биді Фархат қалай үлкен сахнаға алып шығады деген қарсы пікірлер көп айтылды. Алғашында 40 бишіге бір ай бойы күніне 4 сағат тынбай би үйреттім. Бір айдан кейін сенімсіздік сейілгендей болды. Одан кейінгі екі ай уақытта біз күніне 5 сағаттап дайындалатын болдық. Сөйтіп үш айдан кейін Қытай сахнасында тұңғыш рет қырық «нөкеріммен» бірге степ биін сәтті билеп шықтым»,-дейді Ирландия биінің ең алғаш Қытай сахнасында қалай қанат қаққанын еске алған биші.

Осыдан кейін Фархат Бимашұлы Қытайдың атынан әлемнің 20-ға жуық елінде өнер көрсетіп, дүйім Қытайдың мақтанышына айналады. Сол жылдары Бейжіңге өнер сапарымен барған ирландиялықтардың да қазақ бишісінің өнеріне таңдай қаққаны бар екен.

«Сол 2000 жылдардың басында Бейжіңге бір топ Ирландия өнерпаздары барып концерт қойды. Біздің де біиімізді тамашалаған ирландиялық өнерпаздардың жетекшісі, – степ биін бізден өзге ұлттың айнытпай билегенін бірінші рет көріп тұрмын, - дегені бар еді»,-дейді биші.

Қытайдағы ер бишілер арасында 45 жасқа дейін би сахнасынан түспеген рекорды бар қазақ өнерпазы енді қазақтың ұлттық билері мен степ биін біріктіріп билеуді көздеп жүріпті. Сол арманын ең алғаш Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінде орындауға мүмкіндік алған бишінің өзімен жүздесіп, биін де тамашаладық.

«Степ биімен ат тұяғының дүбірін, қазақ батырларының жауынгерлігін жақсы бейнелеуге болады. Алдағы арманым қазақ биі мен степ биін біріктіріп, ат жалында өскен қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін бимен көрсеткім келеді. Сол ойдан туған би бүгін тұңғыш рет Астанадағы әлемдік көрменің сахнасында қойылғанына өте қуаныштымын. Осы жолы «ЭКСПО-2017» көрмесіне Шаңхай филармониясының арнайы ұсынысымен Қытай өнерпаздары атынан өнер көрсетіп отырмын. Яғни, Шаңхай филармониясының 24 әртісіне ұлттық биімізді үйретіп, өзім степ стиліндегі қазақ биін дайындадым»,-дейді қазақ бишісі.

Табғаш елін табан биімен тамсандырып жүрген бишінің бұдан бөлек мақсаттары да бар екен. Оның пікірінше, ұлттық би дәуірмен бірге дамып отыруы тиіс. Сонда ғана ол өміршең болады.

«Қарап отырсаңыз, Ирландияның степ биі ең алғаш пайда болғандағыға қарағанда көп өзгерген. Бірақ, бүгінгі күнге дейін өз көрерменін қанағаттандырып отыр. Мысалы, «Қаражорғаның» кей қимылдары біздің жастарға ұнамай жатады. Сондықтан біз сияқты би мамандары қазақ билеріне де жаңалық енгізіп, заманға лайықтауымыз керек деп есептеймін. Сонда ғана ұлттық бидің бір қалыпта қалып, тіпті жойылып кетуіне жол бермейміз»,-дейді маман.

Бүгінгі күні бүкіл қазақтың мақтанышына айналған би шебері болашақта ұсыныстар болып жатса Қазақ топырағында өскен қара домалақтарға да өнерін үйреткісі келетінін айтып, әңгімесін аяқтады.

Видео: Абзал Қалиев

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
07 Желтоқсан 2017, 19:13
Қазақтың саны қанша 2
Пікірлер