BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Қытай қазағындағы ұнамсыз салт-дәстүрлер

Кеңес одағы дәуірінде қазақстандық қазақтар орыстанудың аз-ақ алдында болды. Көбінде ұлттық өнер, мәдениеті мен әдебиеті «жанын сақтап қалды». Еуропаға шашылған қазақтарды сақтап отырғаны тарихы мен діні. Ал, бүгінгі қытай қазақтарының басына түскен күн өте ауыр. Басты қатер – ұлттық тамырынан, дінінен, тілінен айрылу қаупі. Оған соңғы кездері қосылған қытайлық қысым оларды мәжбүри күйге түсіруде.

Қытайдағы қазақтарда қалыптаса бастаған ұнамсыз іс-әрекеттер мен салттар төңірегінде сол жақта жарық көрген басылымдар негізінде бірнеше мәселеге тоқтала кеткенмізі жөн сияқты. Дерек көздерін пайдалана отырып, істің анық-қанығына көз жіберіп көрейік.

Некелену төңірегіндегі даулы мәселелер немесе одан туған нашар салт-дәстүрлер

Қытайдағы қазақ жастарының некелену жағдайында екі түрлі қасірет бар.

Біріншісі, қазақ қыздарының қытай ұлты өкілдеріне күйеуге шығуы. Қазірге дейін ашық және жасырын түрде қытайларға тиіп кеткен қазақ қыздарының саны 10 мыңнан асқан.

Кеңес одағы кезінде қазақ пен орыстың ортақ некесіне кедергі болған нәрсенің бірі түр ұқсамастығы еді. Ал қытайдағы қазақтар мен таза қытайлардың сырт келбеті де, түр-әлпеті де ұқсас болғандықтан көп айырыла бермейді. Қазақ қызы қытайдың тілін судыратып тұрса, өз басым айыра алмаймын.

Мұнан да сорақысы, түнгі көбелектерге айналып, қытай шалдарының ермегіне айналған қазақ қыздары да бар.

Ал екіншісі, қазақтың өз ішіндегі қалың мал мәселесі. Олардың жілік майын үзуге айналған ең үлкен қиындықтың бірі осы. Сол жақтағы жазба мәліметтер бойынша бірнеше жыл бұрын Іленің белгілі бір ауданындағы біреу қашып келген қыздың ат-шапан айыбына 60 қой, 5 сиыр, 20 мың юань ақша берсе, тағы біреу қашып келген қыздың айыбы үшін құдаларына 35 ірі қара, 25 мың юань ақша берген. Енді біреудің қалың мал үшін берген ақшасы 80 мың юаньнан асқан.

Алайда, бұл қолында дәулеті бар адамдардың ғана қолынан келетін жұмыс. Ал осындай қалың мал алған құданың тағы бір бақталасы өз құдасынан да осындай көп қалың мал сұрайтын болған. Ал қарсы жағының қалтасы көтере ме, жоқ па, онымен ешкім санаспайды. Осылайша қазақтар бірін-бірі мәдени жолмен «тонауға" кіріскен. Тіпті, кейбіреулер қолындағы малын беріп құтылғанымен қоймай, егістік жеріне дейін беріп, үрерге иті жоқ, сығарға биті жоқ мүсәпір күйге түскен. Бұдан да масқарасы, қыз-жігіт некеленген соң қыздың төркін жағындағы қыз-бозбала жиналып жас отауға "хал сұрай баратын" дәстүр пайда болған. Бұл оларды соңғы рет "шабумен" бірдей ішіп-жеудің сылтауы ғана екен. Қалың малдың мейлінше өршуінен бе, әлде жастардың жалаң еліктегіш әсершілдігінен бе соңғы кездері қыз алып қашу дәстүрі де пайда болып әр түрлі келеңсіздіктерге мұрындық болған.

Жоғарыдағылармен қабаттасқан тағы бір жағдай қытайдың жоспарлы туыт қызметі болып, оның мәнін толық түсіне алмаған қазақ қыз-келіндері туудан шектелеміз деп дәрі-дәрмекті беталды пайдалануы себепті немесе мезгілсіз түсік түсіртуден денсаулығынан айрылған.

Жұмыссыздық тудырған жүгенсіздіктер

Жастардың жоғарғы оқу орындарына түсе алмауы, оқуға түсіп тұрса да ақша төлеуге шамасы келмеуі, университет тауысса да жұмысқа орналаса алмауы оларды тығырыққа тіреді. Осы себепті арақ ішу, ұрлық жасау секілді жаман әдеттер қалыптаса бастаған. Аудан орталықтары мен ауылдарға дейін жаппыласқа түнгі клубтар мұндай бассыздықтардың ұясы болған. Бұл туралы сол жақтағы БАҚ-та мындай мысалдар келтірген:

«Қазір ауыл-қыстақтарда жастардың, әсіресе, азамат жасына толмағандардың арақ ішу жәйті өрши түскен. Кейбіреулері арақ ішіп, ұрлық істеп түрмеге түскен. Тоғызтарау ауданының түрмесінде жатқан қазақ жастарының арасынан арақ ішіп алып 35 юань ақша ұрлаймын деп қолға түскен 17 жастағы бір қылмыскерді жолықтырдық. Ал қалған алтауынан сұрасақ барлығы ұрлық қылмысымен түрмеге түскен. Тексеру барысында біз қыстақтардағы таңсаханардың (түнгі клубтардың) белгілі тәртіп түзімдерінің, кемелді расымияттарының жоқтығын, тек бір жекенің ақша табу ниетімен ашылғандығын, осыдан барып оның жастардың ойнақ салатын, арақ ішетін, ойына келгенін істейтін орынға айналып қалғанын сездік...»

Ұлттық салт-сананың кемуі

Той-томалақ, өлім-жітімдегі бәсекелестік бәсейгенімен, ұлттық құндылықтарға тән салт-дәстүр, діни әрекеттердің барынша шектеуге ұшырауы қазақ болмысын қараңғыға жетелеуде.

1966-1976 жылдары жүргізілген "мәдениет төңкерісі" қазақ ұлтының көп асыл қасиеттерін келмеске кетірді. 1980 жылдардан кейін ел еңсесін көтере бастаған еді, нарықтық экономика мен табиғи ассимиляция санасы сарпалдаңға түскен халыққа мысықтабандап жетті. Жай жеткен жоқ, желкесін қиюға қарекет жасады. Оның қарапайым мысалдарын айтар болсақ, әйелді әлемнің қожасы санайтын коммунистік идеяның көбігіне семіргендер отбасы ішіндегі қайшылықтарға мұрындық болды. Қытай ұлтының ұлттық дәстүріне жақын әрекеттер қазақ жастарына көптен жұға бастады. Қазақ жігіттері тамақ істеп, кір жуу, үй тазалау секілді ұсақ жұмыстарға бейімделе түсті. Әйелі ерінен, баласы әкесінен үстем тұратын идеяның итермелеуімен келіндер ата-енесін бетінен алатын безбүйректіктер қалыптасты. Киім киюмен жүріс-тұрысы қытайлардан аумайтын, жүрегінде ізгілігі, аузында иманы жоқ, аты қазақ заты басқа жас буын өсіп келе жатыр. Керек десеңіз, оның көбі сәлем беруді білмейді. Оларға қазақ болу намыс та, қытайша жасау бақыт болып елестейді. Ораза ұстап, намаз оқитын адамдардың күн санап азаюы, діндік наныммен қазақы салт-сананың көлеңкеге көміле бастауы, жаңашыл жастардың көбеюі ұлтымызда жоқ көптеген ұнамсыздықтарды ала келді.

Бәрінен де қорқыныштысы, ұлттық салт-сана, дәстүрдің әлсіреуімен бірге діндік парыздардың тыйымға ұшырауы. Анығын айқанда, ондағы бауырларымыз ораза ұстап, намаз оқудан шеттетіліп отыр. Арнайы ас беріп, құран-хатым бағыштаудың өзі қиынға соққан.

Қай дәуірдегі жауыз патша, саяси түзімдер мен әртүрлі қозғалыстар ұлттың сана-сезімі мен таным-наныма қарсы мұндай қаталдыққа бармап еді. Қытай жағдайындағы ұлттық територия заңы мен саясатын қайырып қойып, ұсақ ұлттардың түп тамырына балта шабатын мұндай құбылыстар шынымен де адамзат қоғамында сирек кезігетін оқиғаларға жатады.

Жоғарыда аталған ұлтта жоқ ұнамсыз іс-әрекеттердің Шыңжаңда жасап жатқан жас қазақтардың жанынан табыла бастағаны жасырын емес. Бұл әрекеттер ұлттық мүддеге жәй ғана әсер етіп қалмастан ата-бабаларымыздан жалғанған аппақ арымызды кірлетіп, салт-дәстүріміз бен бағалы құндылықтарымызды аяқ асты етуде. Бұл қытай билігінің табиғи ассимиляциядан зорлықты ассимиляцияға бет бұрғандығының бір белгісі. Қытайдың мемлекеттік саясатынан қарағанда мұның барлығы «ішкі мәселе» болады да сыртқы күштер немесе қандас жақыны – қазақ елі оған тікелей араласа алмайды.

Олар біздің рухани көмегімізге зәру болып отыр. Қазақ мемлекеті немесе ұлт қайраткерлері тек қана өз ұлтының өкілдеріне деген рухани көмекті мейлінше күшейту немесе көшіп келуіне жол ашу сынды шараларды барынша тездетіп қана қайрымдылық жасай алады. Бауырларымыздың басындағы ұнамсыз салт-дәстүрлерді тезірек тежеп, көмек қолымызды созбасақ бәрі кеш болады.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы,

Қазақстан жазушылар одағының,

Еразия жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер