BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

«Щелкунчик» фильмі қазақ тілінде сөйледі

Фото: KinoFilms

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Астана мен Алматы қалаларында «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен қазақ тіліне дубляждалған 27-ші фильм – «Щелкунчик и четыре королевства/Шақылдақ және төрт патшалық» анимациялық фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті.

Киноларды қазақша сөйлеткен «Болашақ» қауымдастық қоры, Disney студиясы және Marvel компаниясы. Ал қаржылық демеушісі BI Group холдингі. Осыған дейін холдингінің қаржылық қолдауы арқасында 3 фильм дубляждалып, көрерменге ұсынылған.

Фильмде П.И. Чайковскийдің «Шақылдақ» классикалық балетінің музыкалық композициясы орындалады.

BI Group құрылыс холдингінің қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Архат Ғарыпжанның айтуынша, компания игі жобаларға, бастамаларға қолдау көрсетуге дайын.

«BI Group құрылыс холдингі жаңа фильмнің қазақша дубляжына қолдау көрсетті. Осыған дейін де бірнеше мултьфильмдерге қолдау көрсеткен болатын. Қазақтың қазақтығын білдіретін оның тілі, ділі, оның қаны, сондықтан оған қолдау көрсету біз сияқты отандық компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі. Осындай ерекше фильмдерді қазақша көрген балалар да болашақта елінің болашағына өзінің үлесін қосатынына сенімдіміз. Осы сияқты игі жобалар көп болсын және компаниямыз оны қолдауға әрдайым дайын», - деді Архат Ғарыпжан.

«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмі дубляжінің жұмыстарына 40 кәсіби актер қатысты.

Дубляж актері Заңғар Әбеновтің пікірінше, әлеуметтік желілерде ата-аналар қазақ тіліндегі көрсетілімнің аздығына, уақыт ыңғайсыздығына жиі шағымданады.

«Алдымен әріптестеріме, демеушілерге, сонымен қатар актерлерге ыңғайлы жағдай жасап, барынша сапалы дыбыстауға көмектескен «Aray Media Group» студиясына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Шетелдің мен деген студияларының картиналары қазақ тілінде сөйлесе біз үшін қуаныш және осындай жобаларға өз үлесімізді қоссақ – үлкен мәртебе. Әлеуметтік желілерде біздің парақшаларға жазылған барлық пікірлерді оқып, бақылап отырамыз. Көп ата-аналардың пікірінше, кинотеатрларда қазақ тіліндегі кино көрсетілім уақыты ыңғайсыз не болмаса аз. Сондықтан кинотеатр басшылары қазақ тіліндегі көрсетілім уақыттарын ыңғайлы уақытқа қойса деген өтінішіміз бар. Себебі фильм екі сағаттық ғана болғанымен, ол қаншама адамның 2-3 айлық еңбегінің нәтижесі», - деді атқарылған жұмыстар жайында Заңғар Әбенов.

Аталған кинокартина Disney-дің дәстүрлі фильмдерінен өте ерекшеленеді. «Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінде Э. Гофманның түпнұсқалық ертегісі, П. Чайковскийдің балеті, Disney-дің сиқыры, сондай-ақ Голливудтың бас айналдыратын ерекше әсерлері қабаттаса өрілген. Мұнда әзіл-қалжыңдар мен күлдіргі сәттер аз болғанымен, оның орнына ақылды диалогтар, қызықты сюжеттік амалдар мен әдемі көріністер өте көп.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Болашақ» қауымдастық қорының төрағасы Бақтияр Мәкеннің айтуынша, алда қазақ тіліндегі туындылар қазақ аудиториясына ыңғайлы уақытта көрсетіледі.

«Болашақ» қауымдастық қоры, «Aray Media Group» студиясы және басқа да әріптестерімізбен алда жоспарларымыз әлі көп. Жақында «Кинематография туралы» заң жобасы енгізіледі. Сондай-ақ қазақ киноиндустриясын дамытуға, қазақ тіліндегі туындыларды дұрыс праймтаймға қою туралы үлкен шешім бар. Болашақта шығарылған туындылардың барлығын қазақ телевидениесінде көру мүмкіндігі де қарастырылуда», - деп Бақтияр Мәкен алдағы жоспарларымен бөлісті.

Disney студиясының фильмдері қазақ тіліне жиі аударылады. Бұл «Болашақ» КҚ-ның отбасылық көрсетілім мен кішкентай көрермендер үшін сай келетін картиналарды таңдауына байланысты.

«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінің дубляжі біз үшін нағыз сынақ болды. Бұл сөйлеу мәнері ерекше өте көркем және әдемі картина. Фильмді қазақ тіліне сауатты бейімдеу үшін бізге үлкен жұмыс атқаруға тура келді. Бізге мәтінді аудару жеңіл болғанымен, кейбір оқиғаларды дыбыстау шынымен де қиындық туғызды. Мәселен, фильмде клоундардың тұтас тобы келетін үзінді бар. Олар айтарлықтай қорқынышты сөйлейді, бізге осы ерекше атмосфераны беру керек болды. Бұл жерде бізге компьютерлік дыбыс әсерлері көмек болды, бірақ ақыр соңында біз түпнұсқаға жақын дыбысталуға қол жеткіздік»,– деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев атқарылған жұмыстар жайында.

Бәрінен бұрын жас Клара анасынан қалған қобдишаның кілтін тауып алуды армандайды. Рождествода кіндік әкесінен ерекше сыйлық алған қыз жұмбақ жерлерге таңғажайып саяхатқа аттанады: Қар елі, Гүлдер елі және Тәтті-дәмділер елі. Бірақ қызға төртінші корольдікке бару керек, онда оған Тышқандар Королінің басшылығындағы тышқандардың тұтас армиясымен кездесуге тура келеді. Сөйтіп, ол кездейсоқ өз анасының таңқаларлық құпиясын ашуға шақ қалады.

Отбасылық жанрдағы «Шақылдақ және төрт патшалық» фильмі 8 желтоқсаннан бастап көрермендерге жол тартады.

Суреттер интернеттен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер