USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

«Қазақфильм» Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша фильм түсіреді

Фото: киностудияның баспасөз қызметі

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісімен толықметражды көркем фильм түсіруді қолға алды. Фильмнің дайындық жұмыстары басталып та кетті. Қазір түсірілім тобы жасақталып, актерлерді іріктеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.

Фильмнің сценарий авторы әрі режиссері – Жаңабек Жетіруов.

Түсірілімнің барлығы дерлік Маңғыстау облысында өтеді. Фильмде Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Жуық арада режиссер өтпелі көріністерді түсіру үшін Ақтауға жол жүргелі отыр.

Жаңабек Жетіруов көптеген деректі фильмдердің және «Дүниежарық», «Аққыз» атты көркем суретті фильмдердің авторы. Сондай-ақ, Жаңабек Жетіруов жазушы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Самғау» деректі фильм түсірген, деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметі.

Әбіш Кекілбаевтың үздік туындыларының бірі «Шыңырауды» экрандау аса жауапкершілікті талап ететінін айта отырып, режиссер шығарма жайлы көзқарасымен бөлісті:

«Аспаннан жұлдыз іздегеннен, жердің түбінен су іздеу қиынырақ шығар. Еңсеп әр құдықты қазу үшін жүз ойланып, мың толғанады. Үстіртте ғасырлар бойы құдық қазған бабаларының ісін жалғастырушы оған сырттан келген Қалпақтың құдық қазып, аяқ астынан абыройға ие болуы, Еңсепті есеңгіретіп жібереді. Оның ендігі мақсаты Қалпақты жер ету. Ең терең құдық қазып тарихта атын қалдыру. Қалпақтың атын елдің есінен өшіру».

Фильмді шығарманың деңгейінде түсіруді мақсат тұтқан режиссер тек туындыны баяндап қоймай, өз тарапынан тың шешімдер жасайтынын да айтып өтті:

«Халықты сумен қамтамасыз етіп ризашылығына бөленуді мақсат етумен басталған жұмыстың арты бәсекеге айналады. Ал бәсекеде шек болмайды. Шексіздікке ұмытылу тылсым күшпен тайталасқанмен бірдей. Оған адамның ақылы да, күші де жетпейді. Еңсептің трагедиясы да осында. Режиссер ретінде мен үшін Еңсептің жан-дүниесін көрсету маңызды. Прозаның тілінде жақсы қолданылған тәсіл кинематографияда ұтымды болмай тіпті, маңызын бере алмай қалады. Сондықтан да фильмге повесте жоқ кейбір өзгерістер енгіздім. Жалпы повестің сюжеттік желісін, фабуласын сақтадым».

Ұқсас сілтемелер:
08 Желтоқсан 2016, 12:15
«Астананың 25 сәті» фильмі
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады