BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

«Еrtis cinema» халықаралық кинофестивалі шымылдығын түрді

Фото: Автор

Павлодар облысында «Еrtis cinema» халықаралық кинофестивалі шымылдығын түрді. Шараға ат басын тіреген отандық және шетелдік кино саласының өкілдері қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, оларға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Халықаралық шараға бас-аяғы 207 фильм қабылданды. Бұл – 21 ел өкілінің қиялынан туындаған шығармалар. Олардың қатарында Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Белорус, Сербия, Грузия, Испания, Франция мемлекеттері бар.

Байқаудың қазылар алқасының қатарында жазушы, сценарист, Қазақстан киноматографистері Одағының төрағасы Ермек Тұрсынов, Ресейдің халық әртісі Владимир Хотиненко, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел сияқты майталмандар бар.

«Бүгінгі күнге дейін бірнеше конкурстық фильмді тамашалап үлгердім. Олардың қатарында назарыма ілігіп, көңілімнен шыққан мықты, қызықты ленталар баршылық. Фестивальде жас режиссерлердің белсенділігі жоғары. Бұл – қуантарлық жағдай», - дейді Ермек Тұрсынов.

Жалпы, байқаудың қысқа тізіміне 70-ке жуық туынды іріктеліп алынды. Конкурстық және конкурстан тыс шығармалардың көрсетілімдері үш күн бойы жергілікті кинотеатрларда ұйымдастырылады.

«Алғашқы күні көрермен назарына 31 деректі фильм ұсынылады. Олардың қатарында қазылардың назарына және менің көңілімнен шыққан 19 туынды бар. Кейін ойын фильмдерінің сеанстары ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының мүшелері отандық кино саласындағы жаңа есімдерін ашты. Үздіктері жеңіске жетеді деген ойдамын», - дейді кинотанушы Людмила Баюшева.

Фестивальдің қорытындысы сенбі күні жарияланады. Байқауда жеңіске жеткен режиссерлерге арнайы сыйлықтар тарту етіледі. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған авторларға таза алюминийден жасалған мүсіншелер табысталады. Оның өзіндік сыры бар. Себебі, қанатты металл Ертіс өңірінде балқытылып, жергілікті мүсіншілердің қолынан туған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер