BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Елімізге әкелінген фильмдердің барлығы қазақшаға аударылады – вице-министр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламентінің Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Кинематография» туралы ҚР Заң жобасы және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы қаралды.

Заң жобаларымен ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды. Оның айтуынша, бұл кинематография саласын жеке, дербес салаға шығаратын мәдениет саласындағы алғашқы заң. Қазір Қазақстандағы кинематография «Мәдениет туралы» заңның бірнеше нормаларымен ғана реттеліп келеді.

Вице-министр заң жобасында фильмдерді прокаттау, тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

«Бүгінгі күні қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңында қарастырылған фильмдерді қазақ тілінде міндетті түрде дубляждауға қатысты бап декларативті екені белгілі. Елімізге 300-ге жуық шетелдік фильм әкелінеді. Іс жүзінде олардың барлық прокатының қазақ тіліндегі нұсқасы жүргізілмейді. Бұл көптеген себептермен түсіндіріледі. Олардың бірі – құқық иеленушілер үшін норманың шығындылығы. Фильмдердің кәсіби дубляжына жұмсалған шығындар Қазақстан Республикасы аумағында оларды прокаттаудан түскен кірістерден асып кетуі мүмкін. Қазақ тіліне аударудың үш нұсқасы ұсынылып отыр. Бұл фильмдерді дубляждау, субтитрлеу немесе кадрдан тыс аударма. Бұл халықаралық тәжірибе. Қытай, АҚШ-та барлық фильмдерді түпнұсқа тілінен аудиторияның тіліне субтитрлеумен қамтамасыз ету міндеті шарт саналады. Бұл ең қолайлы және тиімді механизмдердің бірі», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан аумағына енген фильмдер қазақ тіліне дубляждалуы тиіс. Бұл норма осыған дейін тиісті деңгейде жұмыс істемеді.

«Енді бұл заңнама орындалуы үшін «Кинематография туралы» жаңа заң жобасында ел аумағына кірген фильмді қазақ тіліне аудару тұрғысында дубляждау, не субтитрлеу, не фильмдерді кадрдан тыс аударма жасау ескірілген. Яғни, бұл Қазақстан аумағына жеткізілген фильмдердің барлығы қазақша нұсқасымен болуы үшін жасалып отыр», - деді Ақтоты Райымқұлова кулуарда берген сұхбатында.

Бұған дейін вице-министр ұлттық фильмдерді прокаттау кезінде кинотеатрлар корпоративтік табыс салығынан босатылады деген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер