BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

ЭКСПО маңында «Астанафильм» киностудиясы салынады – министр

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» көрмесінің маңайында «Астанафильм» киностудия салынатынын мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Елбасының тапсырмасымен «Астанафильм» киностудиясын салу бойынша жұмыстарды бастадық. Алдымен, ұлттық экономика министрлігімен бірге оның тиімділігін, болашақта Қазақстанға қаншалықты пайда алып келетінін анықтап жатырмыз. Алайда бізге «Астанафильмі» қажет.Себебі, үлкен мемлекет болсақ та, бір ғана «Қазақфильм» студиясы бар. Ал «Қазақфильм» киностудиясының сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндігі жетпей отыр. Сондықтан біз қажеттіліктерді қанағатандыру үшін бар жағдайды жасауымыз шарт», - деп министр Мәжіліс кулуарында журналистерге.

Оның айтуынша, киностудияға бөлінген жердің нұсқасы бар.

«Ол ЭКСПО-ның айналасында орналасатын шығар. Биыл техникалық-экономикалық негіздемені аяқтасақ, алдағы жылы құрылыстың бірінші кезеңін бастауға өтінім береміз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ басшы киностудия ғимаратының сәулетіне де баса назар аударылатынын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кинематография туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елдегі фильмдерге «ұлттық» мәртебе беру барысында сұрыптау белгілеріне қатысты пікір білдірді. Ол қазақстандық фильмдердің барлығын сақтау қажеттілігін атап өтіп, отандық кинотеатрлардың жұмысын бақылауға алу керектігін жеткізді.

Сондай-ақ Мәжілісте баяндама жасаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақфильм» киностудиясының техникалық жабдықталуы төмен екенін мәлімдеді. Сонымен қатар отырыста Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов елімізде балалардың мультфильмдерді тек орысша көріп жүргенін айтып, аталған мәселеге назар аударуды талап етті.

Мәжілісте «Кинематография туралы» заң жобасының бірінші оқылымында сөз сөйлеген депутат Бекболат Тілеухан отандық фильмдер түсіруге қолайлы жағдай жасап, көрерменге өз өнімдерімізді көптеп ұсынатын сәт келгенін мәлім етті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер