BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 327.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 386.74 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.34
Астана:

Балалардың кез келген фильмді қазақ тілінде көруге құқығы бар – «Болашақ» қоры

Әлемдік студиялардың үздік фильмдерін қазақ тілінде дубляждаумен айналысатын «Болашақ» корпоротивтік қорының директоры Динара Чайжунусова «барлық фильмді қазақ тіліне дубляждаудың қажеті жоқ» деген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітованың сөзімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен әлемдік студиялар контентін қазақ тіліне дубляждау жобасының (Меломан компаниясымен бірге Disney, Marvell, Pixar, Sony, Locofilm 27 фильмін қазақ тіліне дубляждаған қор) жетекшісі ретінде мәдениет пен тіл саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы уәкілетті орган өкілдерінің ұстанымымен келіспеймін және «әлеуметтік маңызы бар жағдайда ғана дубляждау керек» деген мемлекеттік орган ұстанымы мен үшін түсініксіз. Әлеуметтік деген қандай және оны кім анықтайды? Бұл тұтас министрліктің ұстанымы ма әлде департамент директоры Күміс Сейіттің жеке пікірі ме?» - деп жазған Чайжунусова Instagram-дағы аккаунтында.

Ол өз жазбасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітованың сөзіне тоқталған.

«Қазақстанда орташа есеппен алғанда жалпы 300-ге жуық фильм көрсетіледі және оның көп бөлігі мәдени, патриоттық, әлеуметтік мәні болмаған соң бұл фильмдерді қазақ тіліне міндетті түрде дубляждау қажет емес. Осы орайда жоғарыда аталған нормаға балама шешім ретінде «субтитрлау немесе кадрдан тыс аударманы» енгізу нормасын кірістірдік», - деген Күміс Сейіт.

Ал «Болашақ» КФ директоры балалардың субтитрды оқып отырмайтынын, Қазақстандағы балалардың фильмдерді қазақ тілінде көру құқығы барын айтады.

«Қор әр нағыз қазақтың баласы мен ҚР азаматы әлемдік студиялардың сапалы контентіне қазақ тілінде қол жеткізу құқығы бар деген ұстаныммен жұмыс істейді. Менің азаматтық ұстанымым – Үкімет контент пен ақпаратты қолжетімділік жасағанда орыстілді сияқты, қазақтілді аудиторияның құқығымен санасуы тиіс. Мен тең құқықты, құқықты шектемеуді қолдаймын. Иә, тарихпен екі тілді қолдану қалыптасты, бұл біздің күшіміз, бірақ ұлтымыздың сәйкестігін, мәдени қазақ кодын сақтау үшін қазақстандық балаларға кем дегенде кітап, кино, мультфильм қазақша сапалы контент те қолжетімді болуы міндетті. Иә, қиын болса да бұл мүмкін нәрсе», - дейді ол.

Ол кино туралы заңнама қазақ тілі идеологиясын күшейтіп, кем дегенде барлық балалар контентін қазақ тілінде дубляждау мен прокаттауды қолдауы тиіс деп есептейді. Құрастыратын, дубляж және прокаттау үшін жұмыс істейтін кинематограф ұйымдарын ұсынылған салықтық жеңілдіктермен ынталандыруы тиіс.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер