BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Астанада «Алаш туы астында» деректі фильмінің арнайы көрсетілімі өтті

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген «Алаш туы астында» деректі фильмінің арнайы көрсетілімі өтті.

1918 жылдың 8-23 қыркүйегі аралығында Уфа қаласында мемлекеттік мәжіліс өтті. Сол отырыста Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес мүддесін заңды түрде қорғаудың үлгісін көрсетті. Аталған деректі фильм Алашорданың 100 жылдығына орай арнайы түсіріледі.

"Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» - деп көрсеткен болатын. Осы орайда, Алаш азаматтарының тарихи аз уақытта қазақ халқына сіңірген еңбегінің бағасы өлшеусіз екенін баса айтқым келеді. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» - деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтай бүгінде алаш ізбасарлары баршылық. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алаш арыстары ұстанған ұлттық идеяны бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда ұштастырып, көреген саясатты ұстанып келеді", - деп кеңінен тоқталды министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Фильмнің жұмыс тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізген.

«- Өз атымнан фильмнің жарыққа шығуына ықпалдастық еткен Мәдениет және спорт министрлігін басқарып отырған Арыстанбек Мұхамедиұлына, «Қазақфильм» киностудиясына, «Ел» продюсерлік орталығына және Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне алғысымды айтқым келеді. Бұл фильм Алаш орданың жүз жылдығына арналғандықтан, осы бір ғасырдан кейінгі тарихты қорыту, салмақтау, Алаш қайраткерлері қазақ халқына қандай ұран қалдырды тағы бір ой елегінен өткізу», - дейді фильмнің сценарий авторы Болат Мүрсәлім.

Деректі туынды «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» секілді үш бөлімнен тұрады.

Арнайы көрсетілімге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.

Фильмнің режиссёрі - Ерген Тоқмурзин, бас кеңесшісі - Мәмбет Қойгелді, шығармашылық кеңесшісі - Тұрсынжан Шапай, сценарийдің авторы - Болат Мүрсәлім, қоюшы операторы - Мұстафа Өнер және композиторы - Бейбіт Ақош.

Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесіп түсірген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер