BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Алматыда «Ұста» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ұста» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

Деректі фильм белгілі қолөнер шебері, Қазақстан және КСРО суретшілері және дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз, этнодизайнер Дәркембай Шоқпарұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Фильмнің режиссері Мірғалым Есіркепов.

Мәдени іс-шараға Дәркембай Шоқпарұлының туыстары мен жақындары, көзкөрген замандастары мен шәкірттері, фильмнің түсіру тобы мен «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері қатысты.

«Мен Дәркембай Шоқпарұлының тұлғалық бейнесін тереңінен танығым келді. Сондықтан да осы фильмді түсіремін деп шештім. Ол кісіні зерттей келе, ол – алдына қойған мақсатына жетуден таймайтын, батыл әрі ақжарқын адам екенін білдім. Оның өз алдына қойған бар мақсаты – өз шеберлігін игеріп, оны дамыту ғана емес, сонымен қатар, ұлттық дәстүрді сақтап, оны шәкіртеріне, ізбасар ұсталарға үйрету еді. Кеңес заманынан бері сәндік-қолданбалы өнеріне тиесілі көңіл бөлінбейді, бейнелеу өнерінің жас саласы ретінде ғана қарастырылады. Менің бірінші мамандығым – қолданбалы өнер суретшісі. Сондықтан да, Дәркембай ұстаның жұмыстары маған жақын. Ол үшін қолданылған материалдардың көркем өңделуі, оның табиғи әдемілігінің сақталуы маңызды. Сондай-ақ ұлтымыздың көне дәстүрлі өнеріне деген махаббаты ерекше байқалады», - деді режиссер Мірғалым Есіркепов.

«Ұста» деректі фильмі өткен жылдың соңына қарай өндіріске жіберілген. Фильмнің түсірілімдері Алматы облысы Ақши ауылында өткен. Дәркембай Шоқпарұлы өмірінің соңына дейін осы ауылда тұрған және өз шеберханасын ашады. Ақши ауылында Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейі орналасқан. Музейді 2010 жылы шебердің ұлы ашты.

Сондай-ақ, түсірілімдер Дәркембай Шоқпарұлы туып өскен Еңбекшіқазақ ауданындағы Казатком ауылында өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер