USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Алматыда «Фатима» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Алматыда 17 қазан күні «Арман» кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Фатима» атты толықметражды деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл деректі фильм қазақтың үш ұлы тұлғасы — ағартушы Біләл Сүлеев, ақын Ілияс Жансүгүров және жазушы Мұхтар Әуезовтың музасы және өмірлік серігі бола білген Фатима Ғабитованың (1903-1968) күнделігі мен хаттарының негізінде жасалған. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.

Фатима Ғабитова күнделікті 1916 жылдан бастап жүргізген. Күнделікте өзінің ойлары және мәдениет қайраткерлерімен жазысқан хаттары арқылы жиырмасыншы ғасырда орын алған елеулі оқиғалар: 1916 жылғы көтеріліс, төңкеріс, азаматтық соғыс, Қазақстандағы сауатсыздықты жою науқаны, қазақ әдебиетінің дамуы, шығармашыл зиялылылар қауымының қалыптасуы, 1930 жылдардағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, 1940 жылдардағы «жылымық» көрініс тапқан.

«Фатима Ғабитова туралы 2010 жылы маған оның І.Жансүгүровпен жазысқан хаттарын аударуды ұсынған кезде білдім. Жазғандарын оқи отырып оның рухы биік, жігерлі әйел екенін аңғардым. Бір қызығы, «Фатима» атты кітаптан оның жазғандарының жарыққа шығуына көмектескен менің әкем – Қазақстанның танымал ақыны Ғафу Қайырбеков екенін білдім. Фильм көрермендерді Фатима Ғабитованың тауқыметке толы тағдырымен таныстырады. Көрермендердің айтқандары орынды, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары шығып жатқан бұндай фильмдерді республикалық телеарналардан көрсету керек. Өскелең ұрпақ өз халқының тарихын тек оқулықтардан емес, сонымен қатар, осындай фильмдер арқылы да танығаны дұрыс»,- дейді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Президенті және фильм идеясының авторы Бақыт Қайырбеков.

«Фатима Ғабитова – өз ойында терең білім мен мәдениетті ұштастырған әйел, осының арқасында ол Қазақстандағы сауатсыздықпен күрес жолында мол үлес қоса білді және күнделігінде, хаттарында, өлеңдерінде сол дәуірдің жылнамасын қалдырды»,- дейді І.Жансүгүров атындағы қордың тең жетекшісі, Фатима және Ілияс Жансүгүровтің немересі Жанар Жандосова.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады