BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Қазақстан халқы Ассамблеясы өкiлеттiгi кеңейтiлмек

Бүгiн Сенаттың Әлеуметтiк-мәдени даму және ғылым комитетiнiң кеңейтiлген отырысы өттi. Жиында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Заң жобасымен ҚР Мәдениет және спорт вице-министрi Ақтоты Райымқұлова таныстырды.

«Аталған заң жобасы Елбасының 2017 жылғы 4 қыркүйекте Парламент сессиясының ашылуында берген тiкелей тапсырмасына орай әзiрленiп отыр. Жоба аясында аталған заңға бiрқатар түзету мен жаңадан 4 бап енгiзiлмек. Атап айтқанда, заңда қолданылатын терминология реттеледi. Бүгiнгi қоғамдағы Ассамблеяның рөлi ескерiлiп, «этносаралық келiсiмдi қамтамасыз ету» деген термин «қоғамдық келiсiм мен жалпыұлттық бiрлiктi қамтамасыз ету» деп ауыстырылмақ. Сондай-ақ, қазiргi таңда Ассамблея құрылымында қоғамдық дауларды сотқа дейiн реттеу мақсатында медиация кабинеттерi жұмыс iстейтiнiн ескерiп, Ассамблеяның негiзгi қызметiне медиацияға қатысты толықтыру енгiзiлiп, қаралып отыр», - дедi Райымқұлова.

Вице-министрдiң айтуынша, тағы бiр өзгерiстiң бiрi - Ассамблея құрамына қатысты. Қолданыстағы заңда Ассамблеяның құрамын тек оның сессиясы, кеңесi, аппараты және облыс ассамблеялары құрайтын. Жоба аясында бұл тiзiм Ассамблеяның атқарушы органы және этномәдени бiрлестiгiмен кеңейтiлiп отыр. Бұдан басқа Ассамблея кеңесiнiң сапалық құрамын арттыру мәселесi қаралуда.

«Сонымен бiрге, Ассамблея кеңесiне қоғамдық наградаларды тағайындау құзыретi қарастырылды. Ассамблеяның бұл салада жұмыс тәжiрибесiнiң мол екенiн өздерiңiз бiлесiздер. Соңғы бiрнеше жыл бойы «Жомарт жан» және «Бiрлiк» қоғамдық наградалары қоғамдағы меценаттық, демеушiлiк жұмысты атқарып жүрген азаматтарға Ассамблея атынан берiлiп келетiнiн бiз өзiмiз бiлемiз. Қолданыстағы заңға сәйкес, Ассамблея төрағасының орынбасарларын Президент тағайындайтын болатын. Ал, осы жоба шеңберiнде Төраға орынбасарларын ротациялау принципiмен тағайындауды айқындап отырмыз. Бұдан басқа, заңға 4 жаңа бап енгiзiлмек. Осы түзетулер Ассамблея қызметiнiң жүйесiн тұтастай жетiлдiруге бағытталып отыр», - дедi Ақтоты Райымқұлова.

Заң жобасы Сенаттың келесi жалпы отырысына жолданды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер