BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Діндер съезі: Сенат төрағасы терроризмнің алдын алу үшін Елбасының әдеп кодексін негізге алуға шақырды

Фото: Нұржас Жақсыбай

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде терроризмнің алдын алу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында ұсынған Әдеп кодексін негізге алу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Тоқаев қазіргі таңда әлемдегі түрлі дін өкілдерін бір үстел басына жинап, жаһандағы өзекті мәселелерді талқылау маңызды екенін жеткізді.

«Тарихтың жаңа даму дәуірінде, геосаяси, құқықтық, халықаралық және идеологиялық өлшемі бар жаңа саяси кезеңде кеңес жұмысының мазмұнын байыта түсу маңызды. Сириялық қақтығыс, діндарлардың жаппай өлтірілуі, әлемдік мұра болып саналатын діни нысандар мен ескерткіштердің, культты құрылымдардың жойылуы – жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің алдындағы жаңа сын-тегеурін болып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қатысты күш қолдануға тыйым салатын БҰҰ-ның Жарғысы ескерілмеуде.

Сенат төрағасының пікірінше, осындай күрделі жағдайда әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің басын қосқан Астана съезі – ескірген мәселелерді шешу жолында тиімді құрал бола білуі шарт.

Осы орай да Қасым-Жомарт Тоқаев терроризмнің алдын алу үшін әлемдік бірлестіктер айтулы шараларды өткізіп жатқанымен, терроризм діннің атын жамылып, арам пиғылын іске асырып отырғанын ашық жеткізді.

«Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмі бүгінгі таңда жаһандық қауіпсіздік үшін аса күрделі сын-тегеуріндердің бірі болып қалып отыр. Діни лидерлер кеңесі әлемдік саяси көшбасшыларға ықпал ете отырып, әлемдік саясаттағы қарама-қайшылықты реттей алар еді», - деді ол.

Осы орайда Сенат төрағасы терроризммен күресу үшін Елбасының әдеп кодексін негізге алу маңызды екенін жеткізді.

«БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан президенті жаһандық контротеррористік коалициясын бекіту туралы айтты. Бұл коалицияны құру жолында негіз ретінде Мемлекет басшысы терроризмнен еркін әлемге қол жеткізу үшін әдеп кодексін құруды ұсынған. 28 қыркүйек күні БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының соңында көптеген мүше елдер бұл құжатқа қосылды. Әлемдік діни және саяси көшбасшылар терроризмнің алдын алу жолында ұсыныстарды әзірлеу үшін Діни көшбасшылар кеңесі осы кодексті негіз ретінде алуға болар еді. Міне, дәл осы шараларға съезаралық кезеңде съез хатшылығының жұмысын бағыттағымыз келеді. VI съез қабылдайтын бірлескен декларация – біз мақсат тұтқан бағытқа жасалар маңызды қадам», - деп түйіндеді сөзін Тоқаев.

Фотолардың авторы: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер