BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 372.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне 15 жыл

Фото: ашық дереккөзден

Жақын күндері Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтеді. 2003 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан діндер көшбасшылары съезінің алаңында күні бүгінге дейін дін саласында күрмеуін таппай келген бірқатар мәселелер көтеріліп, түйіткілді мәселенің түйіні тарқатып келеді. Осы ретте, Baq.kz тілшісі жыл санап айқымы кеңейіп, салмағы арта түскен съездің өткенін шолып өтті.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көбасшылары съезінің тарихы

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тарихы 2003 жылдан бастау алып, Еуропа, Азия, Америка, Африка және Таяу Шығыстың діни қайраткерлері мен құрметті қонақтарын бір сұхбат алаңына жинады.

Алматыда өткен Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясында Елбасымыз алғаш рет 2003 жылдың 13 ақпанында барлық адамзат үшін даусыз және қауіпсіз болашақты қалыптастыру жолдарын талқылауға әлемдегі діндердің рухани көшбасшыларын республикамыздың астанасында жиналуын ұсынған болатын. Бұл идея барлық көрнекті саясаткерлер мен әлемнің жетекші діндердің басшыларының қолдауына ие болды.

Алғашқы Съез қатысушылары дінаралық саммиттың ережелерін белгілеп, әр үш жылда бір рет өткізу туралы шешім қабылданған болатын.

I Съезден бері 15 жыл өтті, осы қысқа уақыт ішінде бес Съез ұйымдастырылды. Оларға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі дін өкілдері қатысқан болатын. Делегаттар адами құндылықтарды сақтауға және бейбітшілікті нығайтуға байланысты өте маңызды, жаһандық мәселелерге тоқталып ортақ шешімдерге келгенін атап кеткен жөн. Олардың арасында сенім мен өзара құрметке негізделген байланыстар біртіндеп нығайып келеді, және бұл үдеріске Қазақстанның қосқан үлесі де аз емес.

Мемлекетіміз әлемдегі барша діни бағыттарының рухани көшбасшыларын бірлесіп әрекет ету арқылы жаһандық даулардың шешімін іздеуге, қақтығыстардың белең алуына жол бермеуге шақырады.

Елбасының бастамасымен съездерді өткізу үшін Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайы салынған болатын.

Дінаралық саммиттің жұмыс органы мен құрылымы, Съез Хатшылығы және оның жұмыстарын ілгерілететін орган – Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды. Құрамына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының уәкілетті мүшелері кіретін – Хатшылық жұмысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жетекшілік етуімен жүзеге асуда.

2003–2018 жылдар аралығында Съезд Хатшылығының 16 отырысы өткізілді.

VI съезде көтерілетін тақырыптар

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI съезі 2018 жылдың 10-11 қазан аралығында өткізу межеленген. VI Съез «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» - деген басты тақырыппен Бейбітшілік және келісім сарайында, ал секциялық отырыстары Тәуелсіздік сарайында өтеді. Секциялық отырыстар «Әлем. XXI ғасыр» манифесі жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Құбылмалы геосаясаттағы діндер: адамдарды шоғырландыруға арналған жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану: сын-қатерлер мен жауаптар», «Экстремизм және терроризммен күрестегі діни көшбасшыларр мен саяси қайраткерлер» - деген тақырыптарды қамтиды.

Алдағы өткелі отырған дінаралық Саммиттің келелі бастамаларының бірі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосқан діни қызметкерлерге марапаттар беру болып табылады. Дінаралық сұхбаттастыққа қосқан үлесі үшін Астаналық халықаралық сыйлығы және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің құрмет медалі тағайындалды.

Съез марапаттарының ерекше маңызы - ол дінаралық сұхбаттасу алаңының мәртебесін көтеруге, оның қатысушыларын әлемді сақтау мен дамыту идеяларын ілгерілетуге және жүзеге асыруға ынталандыруға бағытталған.

Съез аясында қолдау тапқан бастамалар

Н.Ә. Назарбаевтың «Бейбітшілік және келісім мұражайын» құру туралы бастамасы V Съез қатысушылары тарапынан қолдау тапқан болатын. Міне, енді сол бастама жүзеге асып Бейбітшілік және келісім сарайының аясында «Бейбітшілік пен келісім мұражайы» жасақталды. Мұражайдың ашылу шарасы VI Съез қарсаңына орайластырып отыр. Мұражай құрудың негізгі идеясы бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен келісімнің нығаюына ықпал ететін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысты экспонаттарды жинау, сақтау және көрсету.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі болашақта бүкіл адамзаттың бейбітшілік пен қауіпсіздігін сақтауға, жаһандану өркениетінің үнқатысуын жүзеге асыруға үлкен үлес қосатыны анық.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер