BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Зейнетақы қоры: Теңгенің құнсыздануына қарамастан салымшылардың ақшасы өсіп жатыр 

Теңгенің құнсыздануына қарамастан салымшылардың жинақтаған ақшасы өсіп жатыр. Бұл жайлы "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

"Ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты біздің зейнетақы активтері керісінше көбейді. Мысалы, біз 8 айда бүкіл 2017 жылғы табысқа тең инвестициялық табысқа қол жеткіздік. Біз түскен пайданың барлығын салымшылардың жинақ шоттарына бөліп саламыз. Сəйкесінше, салымшылардың жинақтары өсіп жатыр", - деді Наурызбаева Сенат кулуарында журналистерге берген сұхбатында.

Басқарма төрайымы зейнетақы портфелінің валюталық құрылымы жайлы да айтып берді. Оның дерегінше, бүгінгі таңда зейнетақы активтері портфелінің 32 пайызы шетелдік валютада номинацияланған. Яғни, олар - бағалы қағаздар, шетелдік банктердегі салымдар, мемлекеттік жəне квазимемлекеттік сектордың облигациялары. Ал қалған бөлігі теңгеде номинацияланған. Қазіргі таңда Ұлттық банк басқаруындағы бүкіл зейнетақы активтерінің портфелі шамамен 8,4 трлн теңгені құрайды. Бұл соманың барлығы Ұлттық банктің басқаруында. Осы соманың 32 пайызы шетелдік валютада, қалғаны ұлттық валютада сақталған.

"Зейнетақы активтерінің табыстылығы 8 айда 7,9 пайызды құрады. Бұл 2,9 пайыз инфляция жағдайындағы көрсеткіш. Яғни, бүгінгі таңда зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен 3 есеге артық", - деді ол.

Наурызбаева зейнетақы жинақтарын валюталық бағамға (теңгенің долларға қарағанда əлсіреуіне орай - агент.ескерт) байланыстыру жайлы да айтып берді.

"Бұл кері əсер етуі мүмкін. Егер теңге бағамы күшейсе, онда біз не істейміз? Қайта кері есептейік демемейміз ғой. Зейнетақы жинақтарын индексациялау БЖЗҚ құзыретіндегі мəселе емес, дегенмен егер сондай шешімдер қабылданатын болса, біз орындаймыз. Бірақ, меніңше бұл жерде орын алуы мүмкін кері əсерді де ескеру керек", - деді кулуарда Нұрбибі Наурызбаева.

Сондай-ақ, бүгінгі жиын барысында Наурызбаева 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10 млн 192 мыңды құрағанын айтты. Шоттардың 96 пайызы салымшыларға, ал 4 пайызы зейнетақы алатындарға тиесілі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер