BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 336.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 390.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.36
Астана:

RG GOLD жылдық алтын өндіру қуатын 1,5 тоннаға дейін арттырды

Фото: автордан

Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан RG GOLD кен орны үшінші үгіту - агломерациялау кешенін іске қосу арқылы алтын өндірісін 1 тоннадан 1,5 тоннаға дейін арттырды. Бұл туралы «RG GOLD» ЖШС бас директоры Серік Сыздықов кен орнындағы баспасөз турында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кен орнының өндіріс қуатты күні бүгінге дейін жылына 1 тоннаға дейін алтын өндіруге жететін болған. Алайда, жақында ғана іске қосылған үшінші үгіту-агломерациялау кешені өндіріс қуатын 1,5 тоннаға дейін арттырды. Үшінші үгіту-агломерациялау кешенінің құрылысы барысында отандық өнімдер қолданылды. Тек үгіту құралдары Қазақстанда жасалмайтындықтан Ресейден алдырылған. Бұл кешеннің қуаты жылына 700 мың тонна кенді үгітіп, агломерациядан өткізуге жетеді.

Сонымен, алтын өндірісіне кезең-кезеңімен тоқталып кетсек.

«Солтүстік Райгородок» және «Оңтүстік Райгородок» карьерлері

Алдымен «Солтүстік Райгородок» және «Оңтүстік Райгородок» карьерлерінен кенді топырақ қазылып алынады. Бұл жұмыс геолог мамандардың бақылауымен жүзеге асырылады. Олардың зерттеуі аясында жасалған арнайы картамен бульдозерлер кенді топырақты қазу жұмыстары жүргізілуде.

«Алтынды өндіру үшін бірінші кезекте карьерден кен қазылып алынады. Бұл жұмыстар геологтардың қатаң бақылауымен жүзеге асады. Алдымен бос топырақ алынып, сыртқа шығарылады, ал өндіріске жарамды кенді топырақтар қазылып арнайы қоймаға жіберіледі. Айта кетейік, бұл кенді топырақтар кейде жұмсақ, кейде қаттылау болып келеді. Жұмсақ топырақ бірден қазылып алынса, қатты топырақты қазып алу үшін алдымен 10 метр тереңдікке дейін ұңғынамалар бұрғыланады. Содан соң жарылғыш заттар қойылып, жару жұмыстары жүргізіледі. Осылайша қатты топырақ қопсытылады. Сондан соң топырақ арнайы кенді топырақ қоймасына жіберіледі», - деді «RG GOLD» ЖШС тау жұмыстары учаскесінің бастығы Ерғали Көбеев.

Қоймада жиналған топырақтан сынама алынып, оның алтын құрамы анықталады.

Үгіту-агломерациялау кешені

Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, карьерден алынған кен үгіту-агломерациялау кешеніне келгеннен соң цементпен араластырылып үгітіледі, содан соң арнайы реагент қосылып түйіршіктеледі. Сосын конвейрлік жүгіртпе желілер арқылы үймелік сілтісіздендіруге жіберіледі.

Айта кетейік, бұған дейін жұмыс істеп келген қос кешеннің және өндіріс қуаты мен алтын өндірісі көлемін арттыру аясында жаңадан қосылған үшінші үгіту-агломерациялау кешенінің қуаты өзара бірдей. Тіпті, олардың конвейрлік жүгіртпе желілерің ұзындығы да бірдей - бір шақырымнан асады.

«Қолданыстағы екі үгіту-агломерациялау кешенінің қуаты шамамен 1 млн 300 тонна кенді өңдеуден өткізуге мүмкіндік береді. Ендігі кезекте 2018 жылы үшінші үгіту-агломерациялау кешені іске қосылғаннан кейін өндіріс қуатын арттырып, шамамен 2,1 млн тонна кенді өңдейміз деп жоспарлап отырмыз», - деді «RG GOLD» ЖШС үгіту-агломерациялау кешенінің бастығы Егвений Роженцев.

Гидрометаллургиялық кешен

Гидрометаллургиялық цех - кен орнының жүрегі. Мұнда вахталық әдіспен екі ауысымда 100 адам жұмыс істейді және де жұмыс циклі тәулік бойы үздіксіз жүргізіледі.

«Үгіту-агломерациялау кешенінен кейін фракциясы -25+0мм-тен домалақ түйіршік күйінде магистралды жүгіртпелі ленталар арқылы солтүстік және оңтүстік үйілмелі сілтілеу алаңына келеді. Онда гидрометаллургиялық кешен құрамында 300-500 ппм цианиді бар ерітіндімен сілтілендіріліп, бұдан шыққан ерітінді алтынға байытылған болып шығады. Бұл ерітінді арнайы сорғылар арқылы гидрометаллургиялық кешенге келгеннен соң бағаналар арқылы сорбция процесінен өтеді. Ол сорбция процесіннен кейін задр әдісімен десорбция процесін жібереміз. Әрі қарай электролиз процесін өткізіп алтынды электролизді ваннаның катот мақталарына отырғызамыз. Айдын аяғында ол катот мақталарын алып тұтығу процесін өткізіп, муфельдік пеште кептіреміз, арнайы флусьтарды қосып балқытамыз. Осылайша бағалы құйманы алып шығамыз», - деді «RG GOLD» ЖШС үйілмелі сілтілеу алаңының және гидрометалургиялық кешеннің бастығы Алмаз Жақыпбаев.

Жалпы, бұл аталған кешенге кен қабаттарынан құрамында алтыны бар ерітінді келіп түседі.

«Компания құрамында бір граммға дейін алтын бар кенмен жұмыс істейді. Сондықтан бір тонна топырақтан шамамен 0,7 грамм алтын алынады. Рас, бұл кен орны алтынға соншалықты бай емес, алайда ол технологиялық тұрғыда өндіру үшін өте тиімді. Яғни бізде көптеген алтын кен орындары бар, олар алтынға өте бай алайда оны игеру соншалықты оңай емес және қымбат. Ал, біздің кен орнындағы алтын жақсы өндіріледі. Оның үстіне алтын өндірісі арзанға түседі. Егер бұл экономикалық тұрғыда қымбат болатын болса, онда осындай кен орындарын барлаудыңда маңызы болмас еді», - деп толықтырды «RG GOLD» ЖШС бас директоры Серік Сыздықов.

Атап өтсек, кен орны ағымдағы жылдың маусым айында 200 келіге жуық алтын құймаларын өндіруді жоспарлап отыр. Бір алтын құймасы 17 келіден 24 келіге дейін болады. Негізінен алтын құймалары бір айда екі рет құйылады.

«Бір грам алтын шартты түрде 1 тонна кенге пара-пар десек, 24 келі алтын құймасын алу үшін 22 тонна кенді және оған шығын есебі ретінде қосымша 20 пайызды қосамыз, сонда шамамен 26 тонна кенді өңдеуден өткізу керек. Нәтижесінде 24 келі 90 пайыз сынамадағы алтын құймасы шығады. Демек бұл алтынның сапасы біздің қыз-келіншектеріміз тағатын алтынның 58,5 сынамасынан да жоғары деген сөз», - деп түсіндірді «RG GOLD» ЖШС бас директоры Серік Сыздықов.

Кен орнының дайын өнімін сатып алу құқығы алтын өтімді тауар болғандықтан бірінші кезекте мемлекетте тиесілі және де компания оны мемлекет сатып алудан бас тартқан жағдайда ғана үшінші тұлғаларға сата алады. Алайда күні бүгінге дейін компанияның бар өнімін мемлекет сатып алып келеді. Осылайша еліміздің алтын қоры толығуда десек болады.

Сонымен, ең қызықтысына тоқталсақ. Баспасөз туры аясында компанияның тарихында алғаш рет журналистерге «алтын бөлме» көрсетіліп, олар өз қолдарымен жаңадан құйылған алтын құймасын ұстап көрді. Дегенмен алтынды құю процесі сол күйі құпия болып қалды.

Айта кетейік, бұл кен орнында қауіпсіздік өте жоғары деңгейде, қаруланған күзет және арнайы рұқсатнамасыз еш жерден жүре алмайсыз. Ал, гидрометаллургиялық кешеннің қауіпсіздігі тіптен жоғары десек болады. Себебі бұл кешенге кен орнының өзге бөлімшелерінде жұмыс істейтін бірде бір адам кірмейді және алтын бөлмесіне кіретін адамдардың саны санаулы. Егер алтын құймасын екі адам құйып жатса, үш адам сол жұмысты бақылап, қарап тұрады.

Сонымен қатар, кен орнының учаскесінде алтын құймалары мүлдем сақталмайды. Алтын құйылған күні арнайы инкассаторлық машиналар келіп құймаларды алып кетеді.

Жұмыс күші

Кен орнында жақын маңда орналасқан Райгородок, Николаевка, Успенаюревка, Дмитревка ауылынның тұрғындары жұмысшы мамандықтарда істейді. Ал, жоғары біліктілікті қажет ететін салалық мамандар бүкіл Қазақстан бойынша іздестіріліп, қабылданады. Атап өтсек, өндірістің кеңеюіне байланысты ағымдағы жылы 150-ге жуық адам жұмысқа қабылданған, нәтижесінде, бүгінде компаниядан 580 адам жұмыс істейді.

Жөндеу механикалық цехы мен жынысөзек қоймасы

Компания жақында ғана жөндеу механикалық цехын іске қосты. Оған өндіріс куатын кеңейту себеп болды. Мұнда Қазақстанның заң талаптарына сай техикалық қауіпсіздік нормалары толығымен сақталған. Сонымен қатар, қалдықтарды жоюға қатысты экологиялық талаптар да ескерілген. Бұл заманауи цехта компанияның бар техникасы, яғни ауыр техникадан жеңіл көлікке дейін жөндеуден өтеді. Жалпы, мұнда адам күші көп қажет етілмейді, себебі жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған.

«Бүгінде ЖМЦ-да 78 техника бар, оның ішінде 43 арнайы техника. Көбіне біз көмекші жұмыстармен айналысамыз, яғни тасымалдап жеткізу жұмыстарын жүзеге асырамыз. Тасымалдау бойынша жылдық жоспар 2 млн 300 текше метр құрап отыр. Бұл бөлімде 174 адам жұмыс істейді, - деді «RG GOLD» ЖШС көлік бөлімінің бастығы Аслан Жақсыбаев.

Ал, жынысөзек қоймасы – бұл компанияның жеке мұрағаты. Мұнда бұрлау жұмыстары барысында түрлі тереңдіктен алынған жыныстардың үлгілері сақталады. Бұл материалдардың негізінде пайдалы қазба қоры есептелінеді, технологиялар жасақталады, минералдау деңгейі анықталады.

Айта кетейік, бұл заманауи үлгідегі жынысөзек қоймасы және Қазақстанда олардың саны санаулы.

«Біздің компанияның үш жынысөзек қоймасы бар. Бұл жынысты сақтауға арналған арнайы ғимарат, мұнда кесек-кесек жыныстар мен қалдықтар сынамасы және сынамалардың көшірмелері, сараптамалық ұнтақтар сақталады. Бұл не үшін керек? Бұл біздің бұрғылау жұмыстарын жүргізу барысында қандай тереңдіктен не жатқанын білуіміз үшін, қосымша зерттеу жүргізетін болсақ осы жерден сынамаларды алу үшін және өз жұмысымызды мемлекет пен инвесторлардың алдында дәлелді түрде көрсету үшін қажет. Біз инвесторға кен орынында осыншама пайдалы қазба бар дей алмаймыз. Әрбір сөзімізді дәлелдеуіміз керек», - деді «RG GOLD» ЖШС бас геологы Виктор Баранов.

Айта кетейік, компания 2020 жылға қарай тотыққан кен қорын игеруді аяқтайды, осы ретте 2021 жылы бастапқы кенді өңдеу үшін жылдық қуаты 5-6 млн тонна болатын алтын өндіру фабрикасын іске қосуды жоспарлауда.

Фото: автордан

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер