BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 327.42 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 383.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Барлық өңірде кірістердің жоспары артығымен орындалды

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Үкімет отырысында 2018 жылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижесі қорытындыланды. Осы орайда Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жергілікті бюджет кірістерінің артығымен орындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жыл басынан бері мемлекеттік бюджет профицитпен атқарылды. Бұл жергілікті бюджеттер кірістерінің жоспардан асыра орындалуына байланысты. Нәтижесінде 325 млрд теңге кассалық қалдықтар, оның ішінде республикалық бюджеттен 26,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 268,5 млрд теңге қалыптасты», - деді Сұлтанов.

Ол мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 105,1%-ке, республикалық кірістер 100,9%-ке, жергілікі бюджет 117,1%-ке асыра орындалғанын атап өтті.

«Республикалық бюджетке 1 трлн 781 млрд теңге кірістер түсті. Бұл жоспардан 16 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың 4 айлық көрсеткішінен 173 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны 110,7%. Жоспардың артық орындалуы негізінен салықтар бойынша қалыптасты, оның ішінде үстеме табыс салығы 8,5 млрд теңге, салынатын экспорттық кеден бажы 32 млрд теңге. Бірақ жыл басынан бері корпоративтік салық бойынша жоспардың орындалмау тенденциясы жалғасуда, яғни есептік кезеңде жоспар 43 млрд теңгеге орындалмады», - деді министр.

Оның айтуынша мұның басты себебі – банк секторы түсімдерінің азаюы мен бірқатар салық төлеушілердің өткен кезеңде артық төлеу есебінен салықтардың төленбеуі.

«Осы айтылған себептерді ескере отырып нақтыланған республикалық бюджетте корпоративтік табыс салығының жылдық жоспары 63 млрд теңгеге азайтылған болатын. Жергілікті бюджеттің өз кірістері 106 млрд теңгеге артығымен орындалып, 728 млрд теңгені құрады. Асыра орындалу сомасы 77 млрд теңге жергілікті салықтарға келеді. Барлық өңірде кірістердің жоспары артығымен орындалды. Олардың ең ірі сомасы – Алматы қаласында 36 млрд тг, Атырау 10,5 млрд тг, Батыс Қазақстан облысы 8,3 млрд тг. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,6%-ке, республикалық 96,9%-ке, жергілікті бюджет 98%-ке атқарылды. Игерілу проценті барлық бюджет деңгейлерінде өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жоғары. Яғни бюджеттің тәртіптік деңгейі көтерілді», - деді Сұлтанов Үкімет отырысында.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер