BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Зейнетақы қорына түсетін ақша жіберілетіннен 4 есе асып түседі

Астана, BAQ.KZ. Forbes.kz-тағы: «Сарапшы: 5 жылдан кейін БЖЗҚ-ға зейнетақы төлеу үшін ақша жетпеуі мүмкін» деген жарияланымы күткендегідей қоғамға жедел әсер туғызды. Бұл түсінікті де, себебі бәріміз де – БЖЗҚ салымшыларымыз. Осы жарияланымға сәйкес Қазақстан Ұлттық банкі сарапшының пікірі ешқандай есептерге негізделмегендігін және құзыретті болып табылмайтындығын мәлімдеуді қажет деп санайды. Олай болмаған жағдайда, бұл есептер ұсынылар еді.

Осыған байланысты, шындыққа сәйкес келмейтін жарияланған ақпаратты және БЖЗҚ-ның бес жылдан кейін төлем жасау қабілетсіздігі туралы тұжырымын Ұлттық банк арандатушылық ретінде бағалайды.

Мақалада келтірілген БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша деректер және олардың талдамасы дұрыс емес, себебі бюджеттің тапшылығын және экономиканың басқа салаларын қаржыландыру үшін қордан қаражат алу жүзеге асырылмайды. Мақалада көрсетілгендей, БЖЗҚ зейнетақы активтері 2017 жылы Халық банкінің 2 трлн теңге сомаға мәмілесін қаржыландыруға пайдаланылған жоқ.

БЖЗҚ зейнетақы активтері инвестициялау процесінде алынбайды, олар нарықтық талаптармен, сондай-ақ БЖЗҚ Инвестициялық декларациясында белгіленген талаптарға және шектеулерге сәйкес мерзімділік, төлемділік және қайтарымдылық қағидаттарымен түрлі қаржы құралдарына орналастырылады. Барлық зейнетақы активтері дербестендірілген. Әрбір салымшы қалауы бойынша кез келген сәтте өзінің жеке зейнетақы шоты бойынша қаражаттың қозғалысын бақылай алады.

Қор қызметінің қағидаттары, оның жұмыс істеу қағидалары, БЖЗҚ-ның барлық ағымдағы көрсеткіштері сияқты сайтта ашық қолжетімді. БЖЗҚ-ның баспасөз релизі тұрақты түрде жарияланып тұрады. Біз тек Қазақстандықтарға 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша деректерді еске салайық: БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі 8,9 трлн теңге болды. Портфельдің өсуі жыл басынан бері 1,1 трлн теңге немесе 14,3% болды.

Келіп түсетін ақша қаражаты (зейнетақы жарналары) жылдан жылға жіберілетін қаражаттан (зейнетақы төлемдері, аударымдар және басқасы) 4 есе асып түсіп, оң серпін көрсетуде. Жыл басынан бастап төлемдердің жалпы сомасы 130,9 млрд теңге болды, оған сақтандыру ұйымдарына 15,5 млрд теңге аударымдар кірді.

Жыл басынан бастап кесте бойынша ай сайынғы төлемдер 3,7 млрд теңгені (олар 130,9 млрд теңге жалпы сомаға кіреді) құрады. Мына мәселеге назар аударған жөн – бұл зейнеткерлерге, зейнетке шыққан адамдарға және биыл кесте бойынша зейнетақы алатындарға төлемдер.

БЖЗҚ жүргізген актуарлық есептерге сәйкес, алдағы 5 жылда келіп түсетін зейнетақы қаражаты ұлғайып, бұрынғыдай жіберілетін қаражаттан асатын болады. Мәселен, 2019 – 2023 жылдар аралығындағы кезеңде БЖЗҚ-ның болжамдары бойынша зейнетақы жарналарының жиынтық көлемі шамамен 5 трлн теңге болады, ал төлемдердің жиынтық көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды.

Сонымен қатар қор портфелінің инвестициялық құрауышы туралы есте сақтаған жөн. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша соңғы 12 айда БЖЗҚ салымшылары үшін зейнетақы активтерінің кірістілігі 9% болды. Ал инфляция 6,1%-ды құрады. Нәтижесінде осы кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты (яғни инфляция деңгейінен жоғары) кірістілік 2,9% болды.

9 айдағы алдын ала деректер бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 7,75% болды, ал инфляция деңгейі 3,3%-ды құрады. Осылайша, 2018 жылдың басынан бастап БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша 4,45% мөлшеріндегі нақты кірістілік қамтамасыз етілді.

Бұл ретте қордың жалпы портфелі активтерінің 30,9%-ы шетел валютасымен номинирленген қаржы құралдарына инвестицияланғанын атап өтеміз. Қарастырылып отырған күнге екінші деңгейдегі банктердің БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліндегі қаржы құралдарының үлесі 17,9% болды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік - жылдық 9,8%. Бұл ретте 2016 жылдың басынан бастап жаңа инвестицияларды қысқарту, сондай-ақ банктердің өздерінің міндеттемелерін жоспарлы өтеуі есебінен БЖЗҚ портфеліндегі банк секторы үлесінің 33,9%-дан қысқаруы орын алды.

Тиісінше, Forbes.kz-тағы сарапшының жинақтаушы зейнетақы жүйесінің төлем жасау қабілетсіздігі туралы айтқандары негізсіз блып табылады. Осыған орай біз сарапшыдан не өз есептерін ұсынуды, не БАҚ-қа теріске шығаруды жариялауды сұраймыз. Олай болмаған жағдайда, Қазақстан Ұлттық банкі өзіне сотқа жүгіну құқығын қалдырады. Бұл – мақалада баяндалған мәселелер бойынша біздің ұстанымның қысқаша сипаты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер