BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 343.83 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 383.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.06
Астана:

Үкімет мемлекеттік борышты қауіпсіз деңгейде ұстап тұрмақ - Қаржы министрлігі

Үкімет мемлекеттік борышты қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы Сенатта өткен жиында ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бұған дейін Руслан Бекетаев Қазақстанның мемлекеттік борышы 14 трлн теңгеден асқаны жөнінде хабарлаған еді.

"Мемлекеттік борыштың 25,7 пайызын Ұлттық банк қарызы құрайды, абсолюттік мәнде бұл 3,6 трлн теңге. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың борышы 150 млрд теңгеге жеткен. Кепілдендірген мемлекеттік қарыз 523 млрд теңгені құраса, мемлекет кепілдіктері бойынша борыш шамамен 38 млрд теңгені құрайды. Қарыз индикаторлары рұқсат етілген мәндер аумағында орналасқан. Мемлекеттік борыш ЕАЭО-ға мүше елдер үшін бекітілген ІЖӨ-нің 50 пайызынан аспайды. Тұтастай алғанда, мемлекеттік қарыз бен квазимемлекеттік сектор борышы 2018 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, 28,4 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 49,7 пайызын құрады. Бұнда шекті мəн 60 пайыз деңгейінде бекітілген", - деді Бекетаев.

Вице-министрдің айтуынша, Үкіметтің сыртқы қарызының көлемі кепілдендірген мемлекеттік сыртқы борыш пен квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызын қоса есептегенде, тұтас алғанда шамамен 39 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл Ұлттық қор валюталық активтерінен аспайды.

Руслан Бекетаевтың мəліметінше, Үкімет борышты қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін жұмысын жалғастыруда. Яғни, Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету аясында тиісті шаралар қабылдап жатыр. Дегенмен, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мемлекеттік борыш көлемінің артқанына алаңдаулы.

Атап өтсек, бүгін Сенатта "Мемлекеттік жəне мемлекет кепілдендірген қарыз алу мен борышы, квазимемлекеттік сектор борышы мәселелері бойынша ҚР Қаржы министрлігінің басшылығымен кездесу өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер