BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Министр Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мәртебесін өзгертуге қанша ақша қажет екенін айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы қаралды. Жалпы отырыс барысында Қаржы министрі Әлихан Смайылов Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгертуге қосымша 29,7 млрд теңге бағыттауды сұрады.

«Сіздердің қарауларыңызға ұсынылып отырған 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру үшін әзірленді. (...) Жалпы республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің ішкі өзгерістері үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, оған қосымша 29,7 млрд теңге бағыттау ұсынылады», - деді баяндамасында Смайылов.

Қаржы министрінің айтуынша, екіншіден, 83,9 млрд теңге сомасында қосымша қаржыландыруы бар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында берілген тапсырмаларын іске асыру ұсынылады. Аталған қаражат шеңберінде көптеген іс-шаралар жүзеге аспақ. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешен әлеуетін дамыту, сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, инвестициялық жобалар арқылы бизнесті өркендету, елдің көліктік-логистикалық хабын дамыту көзделіп отыр.

«Үшіншіден, нақтыланған бюджет жобасында салу мерзімінен озып кеткен жобалар бойынша қаржыландыру, сондай-ақ, бұрын қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ету көзделген. Осылайша, 9,8 млрд теңге сомасындағы қосымша қаражат білім беру, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын-үй салу, газдандыру объектілерін салу бойынша жалғастырылған жобаларды іске асыруды тездетуге бағытталады. 9,2 млрд теңгені әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағыттау ұсынылады», - деді Әлихан Смайылов.

Атап өтсек, бұған дейін Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қатысты бірқатар заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілетіні жайлы жазған болатынбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер