BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.76 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Қазақстан мен Моңғолия тауар айналымы 29 млн долларға жетті

Қазақстан Моңғолияға темекі өнімдері мен рапс тұқымын жеткізушілердің бірі ретінде 2017 жылдың өзінде осы елге 25 млн АҚШ долларынан астам сомаға тауар жеткізген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Енді моңғолиялық компаниялар Қазақстаннан ауылшаруашылық өнімдерін, кондитерлік бұйымдарды және құрылыс материалдарын импорттауға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы тараптар қазанның басында Ұлан-Баторда өткен еліміздің сауда-экономикалық миссиясы барысында уағдаласты. Миссияны ұйымдастырушылар - ҚР Инвестиция және даму министрлігі, Моңғолиядағы Қазақстанның Елшілігі, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы.

Қазақстандық делегация негізінен тамақ өнеркәсібі, атап айтқанда, кондитерлік бұйымдарды және май өнімдерін, сондай-ақ құрылыс индустриясын өндірушілерден тұрды. Моңғолия тарапынан 40-тан астам компания қатысты.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов миссияға қатысушыларға сәлем жолдай отырып, екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастық едәуір тығыз байланыстарға ұласқанын атап өтті.

«Моңғолия дамушы экономикасы бар ел бола отырып, инфрақұрылым, энергетика, сондай-ақ білім мен мәдениет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың зор келешегіне ие. Екі ел арасындағы сауда-саттық байланыстары нығая түсуде. Кәсіпкерлік қоғамдастық түрлі салалардағы бұрыннан келе жатқан және жаңа байланыстарды нығайтуда», - деді Н. Бөкейханов.

Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 74,8 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде 72,5 млн доллар – Қазақстанның Моңғолияға экспорты. Биылғы жылдың бес айында тауар айналымы 28,8 млн долларға жетті, оның ішінде экспорт - 28 млн доллар. Темекі мен рапс тұқымынан басқа Қазақстан Моңғолияға ұн өнімдерін, гигиеналық және жуу құралдарын жеткізеді.

«Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастықтарының арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін келіссөздерге арналған алаң ұсына отырып, осындай іс- шараларды ұйымдастырады. Сондай-ақ біз моңғолиялық бизнесмендерге Қазақстан аумағындағы барлық салалар бойынша сенімді әрі адал ниетті серіктестер табуға көмек көрсете аламыз», - деді Бөкейханов кездесу иелеріне қарата айтқан сөзінде.

Миссия барысында екі елдің бизнес қоғамдастықтары инвестиция, логистика және сауда салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық мәселелерін талқылады.

Шара барысында «Баян Сұлу» және «Eurasian Foods Corporation» компаниялары кондитерлік және май өнімдерін жеткізу туралы дистрибьютерлік келісім жасады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
12 Желтоқсан 2018, 10:03
17 млн-дай теңгемен саудаға...
Пікірлер