BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Ақышев 600 млрд теңгені банктерге инвестициялауға қатысты пікірін айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Президенттің банктерге кем дегенде 600 миллиард теңге беру тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтып берді.

«Қазір бұл мәселе Үкіметте талқыланып жатыр. Банктер де өз ұсыныстарын жасады. Бізде бүкіл механизмді дұрыстап жасап, оны жүзеге асыру үшін уақыт бар. Бұл қаржының тиімді игерілуі, экономиканың басым салаларын қолдау үшін қажет. Бастысы, осы бағдарламаға бөлінген қаржы қайтарылса болғаны. Біз қаржының түрлі көздерден бөлінуі керектігін түсінеміз. Сондықтан "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" қаржысын пайдалану мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Әрине, БЖЗҚ қаржысымен жүргізіліп жатқан барлық операциялар заңды», - деді Ақышев Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, ай сайын зейнетақы активтерінің қайда, қандай шарттармен және ставкалармен орналасқанын көруге болады.

«Банктерге қатысты да сол принцип сақталады. БЖЗҚ салымшылары үшін не маңызды? Олардың ақшасының сақталып, табыс әкелетіні маңызды. Ал банктерді сауықтыру бағдарламасы оң нәтиже беріп келеді. Соңғы кезде Ұлттық банк жүзеге асырған шаралардан кейін банк секторын сауықтыру бағдарламасы бойынша біз өзімізге сенімдіміз және банк саласындағы жағдай қалыпты деуге болады. Біз банктер зейнетақы активтері инвестицияланатындай сенімді объектілерге айналады деп ойлаймыз», - деді Данияр Ақышев.

Еске салсақ, бұған дейін Қаржы министрі Әлихан Смайылов екінші деңгейлі банктерге беруге тапсырылған 600 миллиард теңгенің жартысы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан бөлінетінін хабарлаған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер