BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қарағанды облысында салынып жатқан Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясы қандай болмақ

Фото: Автор

Жыл соңында Қарағанды облысының Саран қаласында күн электр станциясы іске қосылады деп жоспарлануда. Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі қуаттылығы жөнінен Орталық Азиядағы ең ірі электр станциясы болатын жобаның құрылысымен танысып қайтқан болатын.

Сарандағы қуаттылығы 100 МВт күн электр станциясының құрылысы 2017 жылдың 7 маусымында басталған. Бір жарым жылдай уақыт бойы салынып жатқан кәсіпорын өзі секілді станциялар арасында Орталық Азия бойынша ең ірі болмақ. Алып станция 160 гектар аумақты алып жатыр. Құрылысы аяқталғаннан кейін станцияда орнатылған 370 мыңнан астам фотоволтаикалық панельдер күн энергиясын электр қуатына айналдырады. Жоба Еуропалық Одақтың өкілдері Яна Зонненшайнның (Чехия), Арнольд Беренстің (Германия) және Душан Подгорскидің (Словакия) бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Базалық серіктестер «Шнайдер Электрик» және «Грасс Инжиниринг» (Германия) компаниялары болып табылады. Жобаның жалпы құны 139,5 миллион евроны құрайды, жобаның бір жылдық қуаттылығы - 145 млн кВт/с, 4,9 млрд теңге.

Фото: Автор

Бас инвестор «Solamet/GoldbekSolar» компаниясының бас директоры Йоахим Голдбектің айтуынша жобаның құрылысы жоспар бойынша жүріп жатыр.

«Осы алаңды күн электр станциясы үшін барынша тиімді болады деп есептегіндіктен таңдадық. Мұндағы локация жақсы, алқап тегіс, жер құрылысқа ыңғайлы. Осы уақытқа дейін инвестицияланған барлық қаражат менің жекеменшік қаржым. Инвестициялар сенімділікті талап етеді. Мен осылайша өзінмің сенімділігімді көрсеттім деп ойлаймын. Осыған дейін айтқандарымыздың барлығын орындап жатырмыз. Ешқандай қиындықтар туындаған жоқ, барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр, мемлекеттің қолдауын да сезінудеміз», - деді бас инвестор Йоахим Голдбек.

Оның сөзіне сүйенсек, барлық электр қуаты «SES Saran» ЖШС және «KEGOC» компаниясының есеп-қаржы орталығы арасында жасалған келісімшартқа сай тұрақты бағамен сатылатын болады. Мұндай станция 30 жылдан астам уақыт қызмет етеді, ал электр қуатының құны бір деңгейде қалмақ.

«Қазіргі таңда компания бес бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бірінші бағыт күн паркінің құырылысы, екіншісі 100-30-30 қосалқы станциясының құрылысы. Нәтижесінде олар қуаттылығы 100 МВт күн электр станциясына біріктіріледі. Бұған қоса тағы үш жоба бар. Ол «Қарағанды Жарық» ЖШС жүргізетін 110 КВт электр желілерін, «ВЭЛ-35» жоғары вольттық желі мен «Ару-110» желісін қалыпқа келтіру. Бұл жобалар станцияны желіге қосып, электр қуатын шығаруға, оны ұлттық электр желілеріне тарату үшін қажет», - дейді «SESSaran» ЖШС бас директоры Евгений Гребенников.

Фото: Автор

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бағаналық алқаптарды қағу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның 60%-ы орындалған.

«Металл құрылыстарын жинау жүргізілуде, алдағы күндері біз күн панельдерін орнатуды толықтай бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Күн паркінің аумағы 20 инвекторлық қосымша станцияларды орнатуды қарастырады, ол станциялар электр қуатын тұрақты тоқтан ауыспалыға айналдыратын болады. Олар желінің жағдайы туралы ақпаратты жинақтап, күн сайын мониторинг жүргізеді. Бұл «Смартгин» соңғы буынды өте ақылды машиналар. Мысалы, егер қандай да бір бөлшек бұзылатын болса, ол жайлы ақпарат қоймаға автоматты түрде жеткізіледі. Сондай-ақ ол өздігінен жаңа бөлшекке тапсырыс бере алады, яғни барлық процесс толығымен автоматтандырылған. Бұл машиналарды да біз жақын арада орнатамыз. Біздің басты мақсатымыз қазан айының соңына дейін күн паркінің аумағында құрылыс-орнату жұмыстарын аяқтау және қарашада іске қосу-реттеу жұмыстарын орындау. Қосымша станцияда біз аптаның соңына қарай күш беретін трансформатордың жеткізілуін күтіп отырмыз, ол біздің станцияның жүрегі болып табылады. Жұмыстар мерзімге сай жүріп жатыр. Барлық істі жоспарға сай орындауға тырысып жатырмыз және жыл соңына дейін станция іске қосылуы үшін бар күшімізді саламыз», – деді Евгений Гребенников.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер