BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтіп жатыр

Фото: автордан

Үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасы бойынша Алматыда 105 жоба 150 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл жайында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мадиев «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінің ашылуында айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Көрменің ашылуы барысында Алмас Мадиев, биылғы байқауға 60-тан аса алматылық кәсіпорын қатысып отырғандығын және озық технологиялардың таныстырылымы болғанын атап өтті.

«Комиссияның шешімімен үш аталым бойынша үздіктер анықталатын болады. Бүгінгі кәсіпкерлердің өнімдерін көре отырып, олардың экономикамыздың дамуына аянбай еңбек етіп, үлес қосып отырғанын байқадым. Қаламыздағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар жасалуда. Мәселен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге көптеген жеңілдіктер жасалған. Үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасы бойынша 105 жоба 150 млрд теңгеге қаржыландырылған, «Бизнестің жол картасы 2020» бойынша 6 млрд аса теңге бөлінген. Бұл қаражаттар қазір игеріліп үлгерді, енді жаңа бастамаларды қолдау үшін тағы қараж қажет етуде. Жаңа өндіріс орындарын дамытып жатқан кәсіпорындар ел экономикасының тірегі. Біз оны жақсы білеміз, сондықтан мемлекет тарапынан сіздердің аяқтан нық тұруларыңыз үшін барлығын жасаймыз», -деді ол.

Көрмеге Алматы қаласында өндірілетін азық-түлік өнімдері, киім-кешек, аяқ киім, темірден жасалған өнімдер және т.б. қойылды.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий Тілеумұратовтың айтуынша, мұндай көрме осымен 12 рет өткізіліп отыр.

«Алматыда болып жатқан бұл көрме қатысушылардың Республикалық байқауға жолдамасы десек те болады. Бұған дейін Алматыдан шыққан 10 компания республикалық байқаудың жеңімпазы болса, 25 компания жүлдегер болды», -дейді ол.

«SMART PAY» компаниясы маркетинг бөлімінің басшысы Ксения Назарова, өткізіліп отырған көрменің маңыздылығы зор екенін айтады.

«Біздің компания Smart pos-terminal кассалық аппараттарын шығарады. Өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауында екінші орын алдық. Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанымызға екі жыл болып қалды. Қазіргі күні еліміз бойынша 6,5 мың кәсіпкер біздің өнімді пайдалануда. Біздің өнім жергілікті шағын және орта бизнес өкілдеріне өте тиімді. Өйткені шетелдік кассалық аппараттардың бағасы жоғары 70 мың теңгеден басталады, ал біздікі 16 мыңның шамасында. Біз Қазақстанды ғана емес өзге елдерді де қамтып, экспорт жасауды қолға алып жатырмыз. Өткен жылы Украинаға Smart pos-terminal экспортын жасадық. Алдағы уақытта Smart online KKM жеткізбекпіз. Бүгінгі өткізіліп отырған көрменің маңыздылығы өте зор. Отандық кәсіпорындардың өнімімен танысып қана қоймай өз өніміңді де таныстыруға үлкен мүмкіндік береді», -дейді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер