USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

И.Тасмағамбетов ЭКСПО-2017 кезінде көлік ағынын реттеуге  ерекше көңіл бөлуді тапсырды

Астанада көлік-логистикалық жүйені жетілдіру, қоғамдық көліктің бағдарлық желісін оңтайландыру, көлік ағынын басқарудың жаңа жүйесін енгізу жұмысына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу мәселелері жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кеңес жұмысына Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мухамедиұлы және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Марат Омаров қатысты.

Астанада өтетін көрменің маңыздылығын айта келе, И. Тасмағамбетов ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізу тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктерін және елорданың келбетін паш етуі тиіс екендігін баса айтты. Осыған орай, шараны өткізуге және қонақтарды қабылдауға елорда инфрақұрылымының дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, көрме қонақтары және қатысушыларының қауіпсіздігі, олардың қызықты әрі барынша жайлы орналасуы үшін бүкіл шаралар қабылдануы қажет.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне Астана қаласының әкімдігімен және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бірлесіп көрме өтетін кезеңдегі мәдени бағдарламаны ұйымдастыру мәселелері жөніндегі үйлесімді жұмысты күшейту қажет. Сонымен қатар, делегаттар мен қонақтардың келуі бойынша ұйымдастырушылық сұрақтардың орындалуын қамтамасыз ету маңызды», - деп ерекше атап өтті И. Тасмағамбетов.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Астана қаласының әкімдігімен, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бірлесіп арнайы кешенді бағдарлама әзірледі. Ол әртүрлі жанрлық бағыттағы мәдени іс-шаралар өткізуді қарастырады. Атап айтқанда, қазақтың дәстүрлі өнерін көрсету, театрлық-бұқаралық шаралар, халықаралық жобалар, көрмелер, спорттық және ағартушылық-тақырыптық шаралар.

Вице-премьер атап көрсеткендей, қалалық құрылымдар алдында жоғары деңгейде қызмет көрсету мәселесі тұр. Ұйымдастыру жұмысы аясында ЭКСПО көрмесі нысандарының, жалпы Астана қаласындағы көліктік инфрақұрылымның қалыпты қызметі мәселесі байыппен шешуді қажет етеді. Көлік-логистикалық жүйені жетілдіру, қоғамдық көліктің бағдарлық желісін оңтайландыру, көлік ағынын басқарудың жаңа жүйесін енгізу жұмысына ерекше көңіл бөлінуі қажет.

Бұл орайда, кеңес барысында вице-премьер бірқатар тапсырмалар берді. Астана қаласының әкіміне жұмыс штабымен бірлесіп елорданың инженерлік-көліктік инфрақұрылымын егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды. Дәлірек айтқанда, жолдағы жүктемені азайту мақсатында көлік ағымын модельдеу бойынша қолайлы нұсқаларды есептеу, қонақтардың келу және олардың қауіпсіз орналасуы бойынша ұйымдастырушылық сұрақтарды пысықтау, сондай-ақ, мәдени-бұқаралық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету.

Осындай ауқымды шараны өткізу шағын және орта бизнестің дамуына және жаңа технологияларды меңгеруге айрықша серпін беретіні анық. Көрме елорданың инфрақұрылымы мен нысандарының құрылысына жеке инвестиция тартуға ықпал етеді. ЭКСПО-2017 ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсер ететін еліміздің туристік тартымдылығын көтеруге бағытталған имидждік жоба.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады