BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

ЭКСПО-2017: Жабылу салтанатын жарты миллиард аудиториясы бар Қытай телеарнасы трансляциялады

«ЭКСПО-2017» көрмесінің жабылу салтанатын жарты миллиардқа жуық белсенді аудиториясы бар Қытай Орталық телеарнасы трансляциялаған. Бұл туралы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев «ЭКСПО-2017. Жасыл экономиканың келешегі» атты конференцияда мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме жұмысының алғашқы қорытындылары жасалды.

«Қазақстан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу арқылы кезекті рет тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және экологиялық сын-қатерлерді жоя алатын мықты әлеуеті бар, «жасыл технологиялар» саласында халықаралық серіктестікке бейім ел екенін көрсетті. Бұл салада 140-тан астам өнертабыс ойлап табылды. ЭКСПО-2017 жабылу салтанатын тікелей эфирде Қытай Халық Республикасының орталық телеарнасы көрсетті. Ол жерде белсенді аудитория жарты миллиард адамды құрайды. Бұл дегеніміз футболдан әлем чемпионатынан кем емес аудитория әлемдік шараны көрді деген сөз», - деді ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.

Конференция барысында сарапшылар, дипломаттар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері «ЭКСПО-2017» көрмесінің алғашқы нәтижелерін талқылап, әлемдегі жасыл технологиялардың келешегіне қатысты пікір алмасты.

«Өздеріңіз білесіздер, біз Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып «жасыл» экономикаға өту концепциясын қабылдадық. БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев әлемге «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы мен Еуразиялық «жасыл» серіктестік кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынған болатын. Бұл жағынан алғанда «Астана ЭКСПО-2017» аталмыш жолдың логикалы жалғасы бола білді. Болашақ энергиясы саласында Қазақстан алдағы он жылға арналған жоспарын көрсетті. Шетелдік инвесторлар Қазақстан өнерәсібіне қызығушылық таныта бастады. Осы көрмені ұйымдастыру арқылы еліміз «жасыл экономика» саласында халықаралық серіктестіктер орнатты. Көрме базасында Халықаралық қаржы орталығы мен халықаралық ІТ-стартаптар орталығы құрылады», - деді Ержан Салтыбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер