BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

ЭКСПО-2017 көрмесі алғашқы павильондарын тапсырды

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астанада алдағы жылы өтетін ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне әзірге 105 мемлекет қатысуға ниет білдіріп отыр. Бүгін осы мемлекеттер өз өнімдерін орналастыратын павильондардың алғашқы бесеуі тапсырылды, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Германия, Венгрия мен Түркия және Қытай мен Франция алғашқы болып ЭКСПО-2017 көрмесіндегі өз павильондарын қабылдап алды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салихалы да сындарлы саясатының арқасында мемлекетіміз халықаралық аренадағы беделді іс-шараларды өткізетін ордалы мекенге айналды. Жеңісті де, жемісті тарихымыздың осындай жарқын беттерін жазуға елдегі саяси және экономикалық тұрақтылық, әлеметтік әл-аухатын арттыруға арқау болып отыр. Бүгін біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Елбасының тікелей бастамасымен мүмкін болған тарихымыздың айтулы іс-шарасы - ЭКСПО көрмесінің нысандарын ресми түрде пайдалануға беру сәтінде бас қосып тұрмыз»,-деді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімовпен алғаш болып павильондарын қабылдап алған комиссарлармен кездесу кезінде.

Ұлттық күні Астана күнінің қарсаңында өтетін Қытай елінің павильоны ең үлкен алаңдардың бірін иеленген. Негізі Германиядан (1249,5 шаршы метр) және Франциядан (1069,1 шаршы метр) кейінгі үшінші орынды иеленетін қытай алаңында негізінен ұлттық тағамдар, қытай елінің ерекшелігін танытатын кәдесыйлар дүкені және «Болашақ энергиясының арман театры» да көрменің көркін кіргізеді.

«Өздеріңіз білетіндей Астана дағы ЭКСПО-ның тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады. Ал бұл тұрғыда энергия өндіруде Қытай әлемде екінші орын иеленеді. Осы көрме арқылы біз өз мүмкіндігімізді, өзіміздің баламалы энергия көзін пайдаланудағы мүмкіндігімізді көрсетпекпіз. Сонымен қатар, көрме кезінде біз туризм саласына және технология саласына қатысты форумдар ұйымдастыратын боламыз» - дейді Қытай елі павильонының комиссары Ван Цзиньчжень.

Көрме құрылысы кезінде халықты жұмыспен қамту айтарлықтай нәтиже берді. 14 мың адам осы ЭКСПО құрылысына тартылған. Сонымен қатар 1374 орынға негізделген ЭКСПО-қалашығы, ЭКСПО-офис барлығы 482 мың шаршы метр жерді алып жатыр.

Ұлттық компанияның айтуына қарағанда ЭКСПО құрылысы нарықтық тым сәтті кезеңде басталса да, нағыз антикризистік жоба болды.

«ЭКСПО көрмесінің басталуына тура 222 күн қалды. Дәл бүгін біз алғашқы павильондар мен сол елдердің комиссарлары, павильон қызметкерлері жалға алатын пәтерлерді табыстап тұрмыз. Осы 222 күн ішінде бұл елдер өз павильондарын сапалы, қызықты контентпен толтырып үлгереді дегенге сенемін»,-деді ол.

Сонымен қатар Ахметжан Есімов Қытай және Түркия елдерінің комиссарларына жалға алатын пәтерлерінің де сертификатын тапсырды.

Әр павильон иелері үшін 10 пәтер қарастырылған. Олар 2016 жылдың 1 қарашасынан бастап 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін осы пәтерді жалдап тұратын болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер