BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Сенаторлар мемлекеттік қарыздың өсуіне алаңдаушылық білдірді

Парламент Сенатында мемлекеттік қарыз бен мемлекет кепілдендірілген борыш, квазимемлекеттік сектордың қарызы мәселелері бойынша Қаржы министрлігінің басшылығымен кездесу өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина шараны аша келіп, Мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектордың ішкі және сыртқы қарыздарына мониторинг және бақылау жүргізу жүйесін құру туралы тапсырма бергенін еске салды. Үкімет өз кезегінде, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жергілікті билік органдарының сыртқы қарыздар көлемін келісу, олардың ішкі және сыртқы қарызына мониторинг жүргізу мен бақылау жөнінде шаралар қабылдаған болатын.

Сонымен бірге, О. Перепечина атап өткендей, «қабылданған шараларға қарамастан, шынайы түрде де, салыстырмалы түрде де мемлекеттік қарыздың өсу динамикасы мен оған қызмет етудің бюджеттік шығындары алаңдатып отыр». Оның сөзінде қарыз бойынша қызмет көрсетудің шегін ұстану мен оны бюджет кірісінен жабу қатынасы Ұлттық қордың трансферті есебінен қамтамасыз етіліп отырғаны айтылды. Сенатордың айтуынша, «дәл осы мәселе негізгі әрі нақты болып отыр – Ұлттық қордағы немесе Ішкі жалпы өнім көлеміндегі қарыздың мөлшері шартты түрде сәйкес келмейді, әйтпесе, қарыз бойынша қызмет көрсетуге көп қаржы шығарған сайын басқа бюджет мұқтаждарына қаржы аз қалатын болады».

О. Перепечина осы шығыстардың сомасы көп болған сайын, қарыз да көбейе түсетінін атап көрсетті, өйткені, бұрынғы эмиссия жаңа қарыздық міндеттер есебінен жабылады, яғни, қарыздардың өсімталдығы пайда болды. Сондықтан, Сенат комитетінің басшысы атап өткендей, «қарыз бен Ішкі жалпы өнімнің қатынасы әлемдік есептеулер бойынша өте үлкен болмаса да таяу уақытта қарыз мәселесі басты мәселеге айналуы мүмкін».

Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаевтың баяндамасында мемлекеттік қарыз бен квазимемлекеттік сектордың берешегі туралы мәліметтер айтылды. Атап айтқанда, 2018 жылғы 1 шілдеден мемлекеттік қарызы 14 208,5 млрд теңге немесе ЖІӨ-нің 24,8 пайызын құрады, 2018 жылдың басынан бастап 704,3 млрд теңгеге өскені атап өтілді. Мемлекеттік қарыздың 73,3 пайызын Үкіметтің қарызы, 25,7 пайызын Ұлттық Банк пен жергілікті атқарушы органдардың қарыздары құрайды.

2018 жылдың 1 шілдесінен бері квазимемлекеттік қарыз 14 195,2 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге шаққанда 81,8 млрд теңгеге ұлғайып, 24,8 пайызын құрады, оның ішінде сыртқы қарыз - 8 246,8 млрд теңге (жалпы көлемнің 58 пайызы) және ішкі қарыз - 5 948,4 млрд.теңге (42 пайызы) болды.

Р.Бекетаев мемлекеттік қарызды қауіпсіз деңгейде ұстап тұру жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндады. Ең маңызды міндеттерінің бірі –бюджет дефицитін 2019-2020 жылдары ЖІӨ-нің 1,5 пайызына дейін төмен деңгейде ұстап тұру Үкіметтің қарызын 2020 жылға ЖІӨ-нің 25,0 пайызы деңгейінде және мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-нің 27 пайызы деңгейінде сақтауға мүмкіндік береді. Бюджет тапшылығын 1,5 пайыздан көп етпей ұстап тұру және квази сектордың қарыздарын бақылау жүргізу жалғасатын болады. Мемлекеттік қарыз бен квазисектордың жалпы қарызы бірте-бірте төмендейтіні күтіліп отыр. Ол орта мерзімі уақытта – ЖІӨ-нің 49,7 пайызынан 2024 жылы 40,1 пайызға азаюы тиіс.

Баяндамашы сондай-ақ соңғы жылдары үкіметтік қарыз алу саясаты, негізінен ішкі нарықта және ұлттық валютада қарыз алуға бағытталғанын атап өтті.

Сенат депутаттары Дәурен Әділбеков, Әли Бектаев, Бақтыбай Шелпеков, Сергей Плотников, Ғұмар Дүйсембаев, Нариман Төреғалиев және Нұрлан Қылышбаев мемлекеттік қарызды қалыптастыру және оған қызмет көрсету, квазимемлекеттік сектордың қарыздарының өзекті мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар мен сын ескертпелер айтты.

Талқылауға ұлттық экономика министрлігінің, Ұлттық банкінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының, «Бәйтерек» және «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингтерінің өкілдері қатысты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер