USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Маңызды шешім: мұнай бағасы төмендей ме?

30 қарашада ОПЕК елдері өндірілетін мұнай көлемін азайтуға қатысты бір шешімге келу үшін жиналып жатыр. Мұнай экспорттайтын елдерге қандай баға тиімді болмақ? Алдағы мұнай бағасына қатысты пікірін айтқан сарапшылар болжамы қалай? Бұл туралы 7kun.kz хабарлайды.

JP Morgan инвестициялық банкі мұнай өндірісінің көлемін азайту туралы бір келісімге келу ықтималдылығын 60 пайыз деп отыр. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 75-80 пайыз еді. Егер JP Morgan болжамы тура келсе, Ресей де өндірісті уақытша шектеуге келісуі мүмкін, сонда мұнай бағасы барреліне 50 доллардан қымбаттауы ықтимал.

Сұраныс

Credit Suisse Group AG айтуынша, 2017 жылы Еуропаның солтүстік-батысы мен АҚШ-та мұнайға деген сұраныс азаяды да, Азия аймағындағы дамушы нарықтарда сұраныс біршама артады. Жалпы айтқанда, 2016 жылдың соңына қарай әлемдік сұраныс тәулігіне 250 мың баррельге, 2017 жылы 300 мың баррельге дейін түседі.

Ал халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, 2016 жылы әлемдік сұраныс күніне 96,3 млн баррель болса, 2017 жылы 97,5 баррельге дейін жетеді. Тамызда жариялаған баяндамасында агенттік мұнайға деген сұраныс 2017 жылы тәулік сайын 1,2 млн баррельге артып отыратынын жазған. “2025 жылға қарай мұнайға қажеттілік 12 пайызға артады да, тәулігіне 98,2 млн баррельге жетеді”, – дейді энергетика агенттігінің мамандары. Одан бөлек, мұнайға ең көп тәуелді болатын елдер қатарына Қытай, АҚШ пен Үндістанды жатқызады.

Қазақстан мен ОПЕК-ке тиімді баға

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанға барреліне 50 доллардан жоғары болатын мұнай бағасы тиімді екенін айтқан еді. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) есептеуі бойынша, Иранға экономикасын оңалтып алу үшін мұнай бағасы барреліне 55 доллар болуы керек. Ресейге 69 доллар тиімді болмақ. “Кувейтке барреліне – 47,8 доллар, Біріккен Араб әмірліктеріне – 58,6 доллар, Қатарға – 62,1 доллар, Сауд Арабияға – 79,7 доллар болса тиімді шама”, – дейді ХВҚ.

Ирак мұнай бағасы барреліне 58,3 доллар болса, ел экономикасы өсім динамикасына өте алады. Анголаға қара алтынның құны барреліне 66,06 доллар болғаны тиімді. Алжирдың жағдайы мұнай бағасы барреліне 90,6 доллар болуына зәру болып отыр. Эквадорда қандай да бір өсім болу үшін мұнайдың бір баррелі – 104,69 доллар, Венесуэлада 117,5 доллар болу керек. Нигерияда бюджет бүтінделу үшін бір баррель 85,4 доллар болған жеткілікті. Жағдайы ең нашар Ливияэкономикасын қайта қалыпқа келтіру үшін мұнай бағасыны барреліне 216,5 доллар болу керек.

Баға болжамы

Мұнай бағасына қатысты ең писсемистік болжамды америкалық рейтингтік Fitch Ratings агеттігі жасап отыр. Олардың айтуынша, мұнайдың бір баррелі жыл соңына дейін 42 долларға дейін жетеді де, 2017-2018 жылдары шикізаттың құны 45 доллар шамасында ғана болады. Тек 2018 жылға қарай қара алтын құны 55 долларға дейін ғана көтерілуі мүмкін.

Әлемдегі ең ірі банктердің бірі Goldman Sachs ары қарай болуы мүмкін жағдайдың екі сценарийін ұсынады. Банк сарапшыларының болжамынша, егер ОПЕК елдері бір келісімге келе алмаса, 2016 жылдың 4-тоқсанында Brent маркасының бір баррелі 43 доллар болады. Ал 2017 жылдың 1-тоқсанында баға 47 долларға жетеді де, 2-тоқсанда бір баррелі 52 долларға көтеріледі. Ал ОПЕК елдері өндірілетін мұнай көлемін азайту туралы бір шешімге келсе, жыл соңына дейін мұнайдың бір баррелінің бағасы 50 доллардан қымбаттап, 2017 жылдың 1-2-тоқсанында 56,5 долларға дейін көтерілуі мүмкін.

ХЭҚ сарапшылары “мұнай өндірісін азайтып, шығынға батпау үшін 2020 жылға дейін мұнай бағасы 80 долларға дейін қымбаттау керек” дейді. Агенттік сарапшылары салыстырмалы түрде оң болжам ұсынады: 2020 жылға дейін Brent-тің бағасы – 79 доллар болады, 2030 жылға дейін – 111 доллар, 2040 жылы 124 долларға дейін барады. Халықаралық экономика агенттігінің басшысы Фатиха Бирола 2017 жылдың екінші жартысына дейін мұнай нарығында тұрақтылық болмайтынын айтады.

Сарапшылардың айтуынша, ОПЕК елдері өндірілетін мұнай көлемін шектеуге келіспей, кей елдер қара алтынды көптеп өндіре берсе, 2017 жыл бойы нарықта профицит болып, мұнай бағасы қымбаттамауы мүмкін.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады