BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.86 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

«Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне жүздеген компания өнімі ұсынылды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астанада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы өтіп жатыр. Іс-шараны бүгін ҚР Инвестициялар жəне даму министрі Жеңіс Қасымбек ашты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Көрме» орталығындағы шараға келіп, отандық өнімдермен танысып қана қоймай, əріптестік орнатып, тапсырыс беріп, сауда жасап жатқандар көп. Себебі көрмеге «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауы кезеңдерінде жеңімпаз атанған 153 компания қатысып отыр. Сондай-ақ, келушілер ұсынылыған өнімдердің сапасын тексеріп, азық-түліктің дəмін татып, оларды өндіруші бағасымен сатып ала алады. Шарада өндірістік өнімдермен қатар, халыққа арналған тұрмыстық тауарлар көп. Жиһаз, ыдыс-аяқ, киім-кешек, əшекейлер мен ет, сүт, шұжық өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс те жеткілікті. Ұлттық нақыштағы киім, ыдыс пен қазақтың ұлттық тағамдары да көп кездеседі. Көрме 12-13 қазанда өтеді.

«Бүгін дəстүр бойынша өндірушілердің көрмесін ашып отырмыз. Жалпы бір мыңнан астам əртүрлі отандық компания осы көрме-байқауға қатысқан (өңірлік кезеңде бақ сынаған компаниялар саны-1163-автор). Бесінші қазанда Елбасы өз Жолдауында Үкіметтің алдына отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша нақты міндеттер қойды. Отандық экспорттаушылар мен ішкі нарыққа жұмыс істейтін өндірушілерді қолдау бойынша нақты сомалар мен нақты механизмдер бекітілді. Бізді көрме-байқауға қатысушылар саны жыл сайын өсіп келе жатқаны қуантады. Біз қазақстандық бизнес сапалы əрі қауіпсіз өнім шығарады деп сенеміз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Көрме-байқау үш номинация: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша өтіп жатыр. Көрме-байқау қатысушылары ертең кешке марапатталады.

Бұдан басқа, шара барысында қонақтарды отандық өндірушілер ұйымдастырған сән үлгілерінің таныстырылымы, шеберлік сабақтар мен сыйлықтар ұтысы (күнделікті сағат 15.00-де) күтіп тұр.

Фотолар: Нұржас ЖАҚСЫБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер