USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Ақтөбеге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин келді

Фото: автор

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Ақтөбе рельс-арқалық зауытына, Ақтөбе үй комбинаты мен бірнеше өндіріс орнына барды. Сонымен қатар, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Ақтөбедегі ірі өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Алдымен Ақтөбе рельс-арқалық зауытына барып, қуаттылығы жылына 430 мың тонна өнім шығаратын зауытты аралап көрді. Кейін тұрғын үй құрылысын жеделдетіп, бағаны тұрақты ұстап тұруға ықпал ететін «Үй құрылыс комбинаты» серіктестігінің бетон қабырғалар өндірісін қарап шықты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары А. Мамин бастаған жұмыс тобы тау-кен саласына қажетті металл құрылғылар, шахта үшін тіреу шығаратын өндіріс орнында болды. «Каспий плюс» серіктестігі болат кесекке қажетті шикізатты Қарағандыдан алып отыр. Компания директоры Жандос Пангереевтің айтуынша, бұл жерде шығарылатын өнім 100 пайыз қазақстандық үлесті құрайды. Жаңа өндіріс орнында 30 адам жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері құны 145 миллион теңгенің өнімі шығарылды.

Ақтөбеде шешімі табылмай тұрған мәселелер де бар. Мәселен, «Теңізшевройлдың» тапсырыстарын орындауға ақтөбелік кәсіпкерлер дайын. Алайда алпауыт компания әлі күнге дейін қазақстандық тауар өндірушілерді жанына жуытар емес. Сонымен қатар, еліміздің батыс аймағы мұнай компаниясы кеңейген кезде кадр дайындап беруге әзір.

«Қазір Қытай мен Қазақстан арасында, әсіресе, Ақтөбеде бес жоба дайын тұр. Келісімге қол қойылғанымен, алға жылжу жоқ. Бұл жалпы құны 1,5 миллиард доллар болатын жоба. Олар: калий тыңайтқышы, катодты мыс, цемент, минеральды тыңайтқыш және жарылғыш затқа қажетті әктас шығаратын зауыттар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминге жер қойнауын пайдаланушыларды ерекше назарға алуды ұсынды. Себебі, жергілікті кәсіпкерлер экономикалық, әлеуметтік міндеттерін орындауға құлықсыздық танытып отыр. Келісім бойынша Ақтөбе облысының әкімдігі мен Үкімет бірлескен бақылау комиссиясын құрып, әр жер қойнауын пайдаланушымен жеке-жеке жұмыс істейтін болды.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады