USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Ақтөбе облысы мен Ресей арасында тауар айналымы 12 есеге ұлғайған

Ақтөбелік делегация «Оренбурьже – Еуразия жүрегі» халықаралық форумына қатысып қайтты. Ресей, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және Беларусь елдерінің кәсіпкерлерімен тәжірибе алмасып, ортақ мәселелерді бірге талқылады.

Осымен алтыншы рет өткен форумның мақсаты – шекараралық әріптестікті дамытып, экспорттың әлеуетін арттыру. Форум аясында ресейлік жас кәсіпкерлердің «Бизнес-класс» жобалар байқауы өтті. Оған алты жүзден астам іскер жас тың идеясын ұсынған. Сарапшылар 50 бизнес жобаны іріктеп алды. Ақтөбе облысы әкімінің ұсынысымен аталған байқауға келесі жылдан бастап қазақстандық кәсіпкерлер де қатыса алады.

Жалпы, 25 жыл ішінде Ақтөбе облысы мен Ресей арасында тауар айналымы 12 есеге ұлғайып, 70 млн АҚШ долларынан 862 млн-ға дейін өскен. Көршілес Орынбор облысында ақтөбелік бірнеше кәсіпорынның филиалдары тұрақты жұмыс істеп тұр. Жақында өңірдегі ең ірі кондитерлік цех Орынбордың орталығында дүкенін ашты.

Зауреш Еркінәлинова, кондитерлік өнімдер шығаратын өндіріс директоры:

- Біз өз күшімізбен осындай дүкен аштық. Мемлекет тарапынан да қолдау болды. Ресейліктерге өнімнің жүздеген түрін ұсынып отырмыз. Орынбор тұрғындарына тәттілеріміз ұнады. Тұрақты тұтынушыларымыз пайды болды.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

- Интеграция, кооперация және әріптестікті әркез дамытып отырумыз керек. Соның бір дәлелі – осы халықаралық форум. Жас кәсіпкерлердің аяғынан тұрып кетуіне септігін тигізетін осындай жобалар біздің көңілімізден шықты. Бұл бизнес байқауды халықаралық деңгейде өткізуді ұсындық. Болашақта ақтөбелік кәсіпкерлер де қатысатын болды.

Хабар 24.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады